Кие мен тарих тоғысқан мекен: Домалақ ана туралы не білеміз?

Қазақ даласы – әрбір төбесі мен сайы тарихтан сыр шертетін қасиетті мекен. Ел арасындағы көне шежірелер мен аңыздар тек өткеннің елесі емес, бүгінгі ұрпақтың тамырын танитын рухани темірқазығы. Осындай ұлттық кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған киелі орындардың бірі – әрі тарих, әрі өнеге ордасы болып отырған Домалақ ана кесенесі. Бұл тұлғаның өмір жолы мен ел жадында сақталған аңыздардың астарында қандай сыр жатыр?
Тарихи деректер мен халық жады бұл анамыздың шын атын Нұрила деп көрсетеді. Ал кейіннен ел арасында «Домалақ ана» аталып кетуінің екі түрлі негізгі болжамы бар. Этнографтар мен зерттеушілер бұл атаудың парсы тілінен енгенін алға тарды. Бірінші нұсқа бойынша, парсының «Дихнат мама» (Әулие ана) сөзі ғасырлар өте келе халық тілінде ықшамдалып, дыбысталуы өзгеріске ұшырап, «Домалақ ана» болып қалыптасқан. Екінші, тұрмыстық түсіндірмеде анамыздың бойының шағын, кішірек болғанына байланысты халық оны еркелетіп, мейіріммен осылай атап кеткені айтылады. Қалай болғанда да, бұл есім уақыт сынынан сүрінбей өтіп, тұтас бір ұрпақтың қасиет тұтар қастерлі ұғымына айналды. Қазақ халқының басын біріктіріп, ынтымағын сақтауда өлшеусіз рөл атқарған атақты Бәйдібек бидің жары болу – үлкен жауапкершілік әрі тарихи миссия. Домалақ ана тек шаңырақ құтын сақтаған ана ғана емес, өз заманының көреген ақылшысы ретінде халық жадында мәңгілікке сақталды.
Ел аузында сақталған мына бір аңыз осының айқын дәлелі:
Бәйдібектің мың жылқысы жау қолына түскенде, би алты ұлымен бірге қуғынға аттанбақ болады. Сонда Домалақ ана: «Қумаңдар. Алты күнде жылқы өзі қайтады», — деп сабырға шақырады. Алайда асығыстық жеңіп, ананың сөзі тыңдалмайды. Нәтижесінде жорықта алты ұлы қаза тауып, ал алтыншы күні жылқы шынымен де елге қайтып оралады.
Бұл – жай ғана тұрмыстық оқиға емес, терең философиялық астары бар пақырлық көрінісі. Аңыз арқылы бабаларымыз «Асыққан шайтанның ісі», «Сабыр түбі – сары алтын» деген қағидаларды ұрпақ санасына сіңірген. Ананың көрегендігіне құлақ аспаудың қайғылы аяқталуы – кез-келген шешім қабылданар сәтте асығыстыққа салмай, парасатқа жүгіну керектігін ескертетін үлкен сабақ. Бүгінгі таңда бұл киелі орынға келушілердің қарасы қалың. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген саяхатшылар мен зияратшылар мұндағы тыныштықты сезініп, тарихпен сырласады. Осы орайда, кесене маңындағы жергілікті тұрғындардың қарапайым тіршілігі мен шынайы пейілі де ерекше ілтипатқа лайық. Дүкендері жабық тұрса да, бейнекамера арқылы келген қонақты байқап қалған иесі жақын маңдағы үйден асыға шығып, жолаушыларға бағыт-бағдар беріп, көмек қолын созуға әрдайым дайын тұрады. Бұл – қазақ қоғамындағы ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан қонақжайлық пен адамгершіліктің тірі көрінісі.
Өткенін ұмытпаған елдің болашағы баянды болары хақ. Домалақ ана кесенесі сияқты киелі орындар – бізге тек тарихты ғана емес, сабыр мен бірліктің қадірін үйрететіn рухани орталық. Туған жердің әрбір тарихын түгендеп, оны заманауи форматта насихаттау – келешек ұрпақ алдындағы ортақ парызымыз.
📍 Киелі мекен: Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Домалақ ана кесенесі



