Басты жаңалықтар

Түркістанда 22 мың тонна азық-түлік қоры жасақталды: ол қанша уақытқа жетеді?

Түркістан облысында азық-түлік бағасын тұрақты ұстау және халықты жергілікті өніммен қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен апталық жиында қаралды.

 

Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров азық-түлік бағасын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты мониторинг жүргізу қажет. Бағаны негізсіз көтеруге жол берілмейді. Сонымен қатар әлеуметтік дүкендердегі тауарлардың сапасын да бақылауға алу керек. Бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырамын», – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс қандай өнімдермен өзін қамтамасыз етеді?

Қазір Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 27 түрі өндіріледі. Оның 22 түрі бойынша өңірдің ішкі сұранысы толық қамтамасыз етіледі.

Мысалы, облыста қызанақ ішкі қажеттіліктен 10 есе көп өндіріледі. Бірінші сұрыпты ұн – 9,1 есе, қырыққабат – 6,4 есе, қияр – 5 есе, сүт – 4,2 есе, пияз 3,3 есе артық өндіріледі.

Алты айға жететін азық-түлік қоры бар

Жыл басынан бері тұрақтандыру қорына 20 мың тонна азық-түлік сатып алынған. Қоймадағы өнімдер, форвардтық келісімдер мен басқа да қорларды қоса есептегенде, облыстағы жалпы азық-түлік қоры 22 мың тоннаға жетті.

Бұл қор өңір халқының қажеттілігін алты айға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік дүкендерде өнімдер арзанырақ

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының индексі 101,2 пайызды құрады. Өнімдердің басым бөлігі республикалық орташа бағадан төмен сатылып жатыр.

Ал әлеуметтік дүкендерде негізгі азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан орта есеппен 20-30 пайызға арзан ұсынылады. Қазір Түркістан, Кентау және Арыс қалаларында 42 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді.

Бағаны қолжетімді ұстаудың тағы бір жолы – ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Жыл басынан бері Түркістан қаласында 256 жәрмеңке ұйымдастырылып, онда 12,8 мың тонна өнім нарықтағы бағадан 20-30 пайызға төмен сатылған.

Жалпы облыс бойынша 463 жәрмеңке өткізілді.

Сонымен қатар азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 70 ірі супермаркетпен және 10 тауар өндірушімен меморандум жасалды.

Бағаны негізсіз көтергендер анықталды

Азық-түлік бағасына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Жыл басынан бері сауда үстемесін негізсіз көтерудің 93 дерегі анықталған. Осы жағдайларға байланысты тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.

Жергілікті өнім көлемі артады

Өңірде жергілікті өнім көлемін арттыруға бағытталған жаңа жобалар да іске қосылып жатыр.

Түлкібас ауданында құны 53,7 млрд теңге болатын ірі құс фабрикасы кезең-кезеңімен іске қосылуда. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда жылына 48 мың тонна құс етін өндіреді. Сонымен қатар 1 200-ден астам жұмыс орны ашылады.

Жоба толық іске қосылған кезде облыстың құс етіне деген ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал Бәйдібек және Ордабасы аудандарында жалпы қуаты 30 млн дана жұмыртқа өндіретін екі құс фабрикасын іске қосу жоспарланып отыр.

Осылайша, облыста азық-түлік бағасын бақылаумен қатар, жергілікті өнім көлемін арттыруға да басымдық беріліп отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button