Басты жаңалықтар
Түркістандық театр Грузияда Абайдың «Қара сөзін» сахналап, шетелдіктерді тәнті етті

Түркістан музыкалық-драма театрының әртістері Грузияның Батуми қаласында гастрольдік сапармен өнер көрсетіп, жергілікті көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Илья Чавчавадзе атындағы мемлекеттік кәсіби драма театрының сахнасында ұжым ұлы ақын, философ Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» негізінде сахналанған «Абай. Қара сөз» пластикалық спектаклін ұсынды. Мазмұнды қойылымның алғашқы көрсетіліміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстанның Батумидегі Құрметті консулы Гиоргий Абашидзе, елшіліктің үшінші хатшысы Риза Садық, Грузия Мәдениет министрлігінің өкілдері және Батуми театрының директоры Коте Мзавия арнайы қатысты.
Режиссері Мадина Мұратпекова және композиторы Хамит Шанғалиев болып табылатын бұл туындыда Абайдың терең философиясы адам денесінің қозғалысы, сезім мен ішкі арпалыс арқылы жаңаша сөйледі. Сахнадағы әрбір қимыл адам баласының өмір мәнін іздеген сәттерін, рухани ізденістерін көрермен жүрегіне тікелей жеткізді. Грузиялық көрермендер мен мәдениет саласының өкілдері қазақстандық әртістердің шеберлігіне жоғары баға беріп, өнер ұжымының еңбегіне ризашылықтарын білдірді. Бес күндік гастроль аясында 3 қыркүйек күні спектакльдің екінші көрсетілімі өтеді деп жоспарланған. Бұл мәдени шара екі ел арасындағы рухани ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.



