Басты жаңалықтар
Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдері Алматыда 15-20 пайыз төмен бағамен сатылады

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласы бойынша республикада көш бастап, 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында 458,8 млрд теңгенің өнімін өндірді. Осы кезеңде нақты көлем индексі 111,1 пайызды құрап, агроөнеркәсіптік кешенге тартылған инвестиция көлемі 1,6 есеге артты. Сонымен қатар өңірден 904,5 мың тонна ауыл шаруашылығы және қайта өңделген өнім экспортталып, көрсеткіш екі есеге өсті. Осындай жетістіктерді одан әрі дамыту және өнімдерге жаңа өткізу нарықтарын қалыптастыру мақсатында 29-30 тамыз күндері Алматы қаласында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.
Жәрмеңкеге облыстың аудан-қалаларынан жалпы көлемі 500 тоннадан аса өнім тиелген көліктер жолға шықты. Алматы тұрғындары мен қонақтарына ет, сүт өнімдері, көкөніс, жеміс-жидек, бақша дақылдары және басқа да жергілікті тауарлар нарықтағы орташа бағадан 15-20 пайызға төмен бағамен ұсынылады. Бұл бастама «Егістіктен – сөреге дейін» қағидаты арқылы делдалдық тізбекті қысқартып, өндірушілерге өз өнімін тікелей тұтынушыға жеткізуге, ал тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді отандық өнімді тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Мұндай ауқымды шаралар өңіраралық сауда байланыстарын нығайтып, Түркістанда өндірілген өнімдерді кеңінен насихаттауға жол ашады.



