Көкөніс орталығы Түркістан
Қазақстандағы әрбір он жылыжайдың жетеуі Түркістан облысында орналасқанын білесіз бе?

Бүгінде өңір бұл салада ешкімге дес бермей, елдің көкөніс қорын қамтамасыз ететін негізгі орталыққа айналып келеді.
Қазір облыста құны 534,2 миллиард теңге болатын үш ірі жылыжай кешені салынып жатыр. Жобалар толық іске қосылғанда жыл сайын 102 мың тонна қосымша өнім өндіріледі. Бұл – қыс пен көктемде сөрелердегі жаңа піскен қызанақ пен қиярдың көбейіп, импортқа тәуелділіктің азаюына жол ашады.
Жаңа кешендер 1225 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Яғни бұл тек көкөніс емес, жүздеген отбасының тұрақты табысы деген сөз.
Қазірдің өзінде Түркістан облысындағы жылыжайлардың жалпы аумағы 1006,7 гектарғажеткен. Бұл – Қазақстандағы барлық жылыжайлардың 72 пайызы. Өткен жылы мұнда 113 мың тоннадан астам көкөніс жиналып, маусымаралық кезеңдегі ішкі нарық сұранысының 45 пайызы қамтамасыз етілді.
Биылғы жылдың алғашқы төрт айының өзінде диқандар 38,2 мың тонна өнім алған.
Ең маңыздысы – өңір шаруалары бұрынғыдай тек көлемге емес, сапаға да басымдық беріп отыр. Заманауи технология енгізіліп, жоғары табыс әкелетін дақылдар өсіріле бастады. Бұл Түркістанның ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға үлес қоспақ.



