«Qalqan» жобасы кеңейді: тағы 16 медициналық ұйым пилоттық сынақтан өтуде

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық көмекті қаржыландырудың төрт негізгі бизнес-процесін «Qalqan» цифрлы сервисіне кезең-кезеңімен көшіруде. Медицина қызметкерлері бұрынғы қалыптасқан ақпараттық жүйелерінде жұмысын жалғастыра береді. Qalqan қажетті деректерді автоматты түрде алады, сондықтан мәліметтерді қайтадан қолмен енгізу қажет емес.
Басты жаңалықтар мен көрсеткіштер:
• Астана қаласының 3 медициналық ұйымы базасында төлем жасаудың толық циклі сынақтан өтіп, жалпы сомасы 2,97 млрд теңгені құрайтын төлем жасалды.
• Медициналық көмектің 92 түрі мен 20 кіші тармағы бойынша төлем жасау толық тексерілді. Қазір тағы 60 түрі мен кіші тармағы бойынша 16 медициналық ұйым базасында пилоттық сынақ жалғасуда.
• Бөлшектеп актілеу енгізілді. Енді бірыңғай жиынтық актіні күтудің орнына, есептеулерді көрсетілген қызметтің нақты түрі бойынша бөлек жүргізуге болады. Бұл төлемді жеделдетіп, қаржыландыруды икемді етеді.
• Бүгінгі таңда 1,7 мыңнан астам медициналық ұйым мен 12,4 мың өндірістік база туралы мәлімет жүйеленіп, өзектендірілді.
Барлық төрт процесті (жоспарлау, сатып алу, мониторинг пен төлем жасау) цифрландыруды биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ өнім берушілерге ыңғайлы болу үшін Қор Басқармасы Төрағасымен тікелей байланысатын «Жедел шешім» арнасы іске қосылды. Арнайы QR-код арқылы жеткізушілер төлемнің кешіктірілуі, жүйедегі ақаулар немесе басқа да мәселелер бойынша хабарлай алады.



