Енді саурандық балмұздақты жейміз

Жаздың аптап ыстығы басталар тұста Түркістан облысының тұрғындары үшін таптырмас жаңалық белгілі болды. Сауран ауданында жаз мезгілінің ең өтімді өнімі балмұздақ шығаратын алып зауыт салынады, деп хабарлайды turkistanlife.kz тілшісі.
Ауданға қарасты Еңбекші Диқан елді мекеніндегі «Дәморда» өндіріс алаңында су жаңа кәсіпорын бой көтермек. Жобаның жалпы құны 200 миллион теңге.
Жақында Сауран ауданының кәсіпкерлік бөлімі мен «TRK Trade» жеке кәсіпкерлігінің директоры Жарқынбек Момбеков ресми түрде ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Мемлекет кәсіпкерге зауыт жұмысын жүргізуге қажетті жағдайларды жасауға көмектеседі.
Жобаның маңыздылығын Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ерекше атап өтті. Әкімнің айтуынша, ауылдық жерлерде дәл осындай өндіріс орындарын ашу жергілікті экономиканы көтерудің ең төте жолы. Ең бастысы, бұл зауыт ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ұсынады.
Жақын арада еліміздің дүкен сөрелерінен шетелдік емес, өзіміздің Сауранның брендіне айналатын дәмді балмұздақтарды көретін боламыз. Жазғы маусымның басты өнімін өз өлкемізде шығару аймақ үшін үлкен серпіліс болмақ.



