Басты жаңалықтар

Түркістанда сайлау учаскелері тексерілді

Түркістан облысында 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық аясында сайлау учаскелерінің ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолжетімділігі тексерілді.

Өңірдегі аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары жанынан арнайы мониторингтік топтар құрылып, сайлау учаскелеріндегі жағдай зерделеніп жатыр.


Мамандар учаскелерге кіріп-шығу жолдарын, пандустардың талапқа сәйкестігін, есіктердің кеңдігін, арнайы кабиналар мен санитарлық жағдайды тексеруде. Сонымен қатар көру және есту қабілеті бұзылған азаматтарға қажетті құралдардың, соның ішінде тактильді жолақтар мен құлаққаптардың бар-жоғына назар аударылуда.

Мамандардың айтуынша, қолжетімді орта тек техникалық жағдаймен шектелмейді. Сайлау комиссиясының қызметкерлері ерекше қажеттіліктері бар азаматтармен дұрыс қарым-қатынас жасап, қажет болған жағдайда көмек көрсетуі тиіс. Бұл ретте сайлаушының өз таңдауын өз бетінше және еркін жасауына мүмкіндік берілуі маңызды.


Мониторинг барысында комиссия мүшелерінің ерекше қажеттіліктері бар сайлаушылармен жұмыс істеу тәртібі де пысықталды. Атап айтқанда, сайлаушымен әдепті амандасу, құжаттарын тексеру, тізімнен табу және дауыс беруге арналған арнайы кабинаға баруына қажетті көмек көрсету тәртібі түсіндірілді.

Зерделеу кезінде анықталған ұсақ кемшіліктер бойынша тиісті ұсыныстар беріліп, оларды сайлау күніне дейін жою жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан облысында ерекше қажеттіліктері бар 14 873 азамат бар. Оның ішінде 3 365 адам кресло-арбаны пайдаланады, 7 643 азаматтың көру қабілетіне байланысты мүгедектігі бар, ал 3 865 азаматтың есту қабілетіне байланысты мүгедектігі бар.


Сайлау күні азаматтардың учаскелерге кедергісіз жетіп, дауыс беруіне жағдай жасау үшін 65 инватакси, 49 әлеуметтік такси және 56 қосымша автокөлік жұмылдырылмақ.

Сонымен бірге ерекше қажеттіліктері бар сайлаушыларға қызмет көрсету үшін 209 сурдоаудармашы мен 770 жеке көмекші тарту жоспарланған.

Осы жұмыстардың барлығы әр азаматтың сайлау құқығын тең пайдаланып, өз таңдауын еркін жасауына жағдай қалыптастыруға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button