ХҚКО-лар енді кезексіз жұмыс істейді

Қазақстандағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс форматы өзгереді. Енді ХҚКО-лар кезексіз, ашық әрі жайлы кеңістік ретінде қайта құрылып, азаматтарға цифрлық технологиялар арқылы қызмет көрсетуге басымдық беріледі.
Соңғы жылдары ХҚКО-ларға жүгінетін азаматтар саны 30%-ға азайған. Бұған бірқатар мемлекеттік қызметтердің онлайн форматқа көшуі себеп болып отыр.
Қазір ЭЦҚ рәсімдеу, көлікті алғаш тіркеу, жер учаскесіне акт алу және жылжымайтын мүлікке кадастрлық паспорт рәсімдеу сияқты қызметтерді азаматтар интернет арқылы ала алады.
Жаңа форматтағы ХҚКО-лардың жалпы аумағының 70%-ын экспресс-аймақ алады. Мұнда азаматтар eGov GPT цифрлық көмекшісі орнатылған өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы қажетті қызметтерді өз бетінше рәсімдей алады.
Сонымен қатар орталықтарда консультанттар көмектесетін сараптамалық және оқыту аймақтары қарастырылады.
Алғашқы заманауи цифрлық офис Жезқазған қаласында ашылған. Кейін мұндай орталықтар Түркістан, Астана және Сәтбаев қалаларында жұмысын бастады.
Бірнеше ай ішінде цифрлық офистер арқылы 4 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілген.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жаңа формат азаматтарға мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі ыңғайлы алуға мүмкіндік береді.



