Түркістанда балаларды қорғаудың жаңа тәсілдері енгізіледі
Буллинг, кибербуллинг, тұрмыстық зорлық-зомбылық, суицидтің алдын алу.

Бүгінде балалардың қауіпсіздігіне төнетін қауіп түрі көбейді. Осы мәселелерді шешудің жаңа жолдары Түркістанда өткен арнайы семинарда талқыланды.
«Бала құқығы мен қауіпсіздігін қорғаудың заманауи тәсілдері» тақырыбындағы жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Азамат Жаманчинов, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрсұлтан Өмірбай және өңірдің 70-ке жуық маманы қатысты.

Кездесуде балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау және оларға уақытылы қолдау көрсету мәселелері сөз болды. Мамандар буллинг пен кибербуллингке қарсы жұмысты күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және балалардың заңды құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін талқылады.
Семинарда «Сенімді дос» әдістемелік нұсқаулығы таныстырылды. Сондай-ақ аудандық және қалалық білім бөлімдерінің жауапкершілігі, «111» байланыс орталығына келіп түсетін хабарламаларды қарау тәртібі және мемлекеттік мекемелердің өзара үйлесімді жұмысы сөз болды.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қазіргі таңда балалардың қауіпсіздігіне қатысты қауіп-қатердің өзгергенін айтты.
– Ақпараттық технологиялардың дамуы балаларға төнетін қауіптің сипатын өзгертті. Сондықтан барлық мекеменің бірлескен жұмысын күшейтіп, жаңа тәсілдерді енгізу қажет. Әр бала қауіпсіз ортада өмір сүріп, дер кезінде психологиялық әрі әлеуметтік көмек алуы тиіс. Баланың қауіпсіздігі – елдің болашағына салынған инвестиция, – деді ол.

Бүгінде Түркістан облысында балалардың құқықтарын қорғау және психологиялық қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Алдағы кезеңде білім беру ұйымдарында буллинг пен құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен енгізілмек.


