
Түркістан облысының спортшылары биылғы жылдың алғашқы алты айында ел мен әлемдік жарыстарда 876 медаль жеңіп алып, өңір спортының қарқынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл жетістік спортшылардың ғана емес, өңірдегі спорт саласында жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Биыл облыста халықаралық ареналарда жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндік беретін 24 басым спорт түрі айқындалып, қаржыландыру осы бағыттарға қайта бөлінді. Соның арқасында Қазақстан ұлттық құрамасына енген Түркістан облысының спортшыларының саны 798-ге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 32 адамға көбейді.

Алты ай ішінде өңір спортшылары 281 алтын, 307 күміс және 288 қола, барлығы 876 медаль иеленді.
Оның 795 Қазақстан чемпионаттарында, 66 Азия чемпионаттарында, 15 әлем чемпионаттарында жеңіп алынды. Бұл Түркістан спортының халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеті жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді.

Өңір спортшылары алдағы ірі додаларға дайын. Қазірдің өзінде 27 спортшы жазғы Азия ойындарының, тағы 5 спортшы Пара Азия ойындарының жолдамасын жеңіп алған.

Спорт инфрақұрылымын дамыту да қарқын алған. Биыл облыста бірнеше жаңа спорт кешені пайдалануға беріледі. Сонымен бірге Түркістандағы ескек есу кешенінде Азия чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Балалар спортын дамытуға да ерекше мән берілуде. Қазір облыстағы 51 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 39 969 бала тұрақты түрде жаттығады. Спорт мекемелерінің жұмысын тиімді бағалау үшін KPI жүйесі енгізілген.

Бұқаралық спортты дамыту жұмыстары да нәтижесін беріп отыр. Жыл басынан бері облыста 1 149 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 159 мыңнан астам тұрғын қатысты.
Жүргізілген жұмыстар мемлекеттік деңгейде де оң бағасын алды. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша Түркістан облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы облыстық басқармалар арасындағы тиімділік рейтингінде үздік үштікке еніп, 3-орынды иеленді.

Өңірде алдағы уақытта халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын спортшылар санын көбейту, жаңа спорт нысандарын ашу, балалар және бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады.



