Басты жаңалықтар

Түркістанда шегірткеге қарсы күрес күшейді

Құрғақшылық салдарынан көбейген шегірткелерге қарсы Түркістан облысында ауқымды науқан ерте басталды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров бұл жұмысты тікелей бақылауға алып, Келес ауданында жүргізіліп жатқан шараларды тексерді, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Өңір басшысына шегірткеге қарсы қолданылатын арнайы техникалар мен дәрі-дәрмектер таныстырылып, зиянкестер шоғырланған ошақтарда жүргізіліп жатқан химиялық өңдеу жұмыстары көрсетілді. Облыс әкімі жауаптыларға жұмысты сапалы әрі уақтылы атқаруды тапсырды.

– Шегіртке зиянкесіне қарсы күрес уақытпен санаспайтын жұмыс. Барлық шаралар дер кезінде және бірлесе атқарылса ғана нәтиже береді. Бұл – тек ауыл шаруашылығын қорғау емес, өңірдің экономикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі. Сондықтан іске формалды түрде қарауға жол берілмейді. Әрбір аудан, әрбір ауылдық округ өзіне жүктелген міндетті толық әрі сапалы орындауы тиіс. Біз нақты нәтиже көруіміз қажет. Ол үшін барлық ресурсты тиімді пайдалану маңызды. Техника жеткіліксіз болса толықтыру керек, маман жетіспесе тарту керек. Қажетті жағдайдың бәрін жасап, жұмысты тоқтаусыз жүргізу – басты талап. Уақыт жоғалтуға болмайды, – деп атап өтті Нұралхан Көшеров.

Биылғы ерекшеліктің бірі – заманауи технологиялардың кеңінен қолданылуы. Дрондар мен авиация көмегімен жүргізілетін өңдеу жұмыстары уақыт үнемдеп қана қоймай, нәтижелілікті арттыруға ықпал етуде. Жүргізілген шаралардың биологиялық тиімділігі 85-95 пайызға дейін жеткен. Химиялық өңдеу жұмыстары облыстың 11 ауданында 421,5 мың гектар аумақты қамтиды. Оның ішінде италиялық прусқа қарсы 4,9 мың гектар, азиялық шегірткеге 7,1 мың гектар, ал мароккалық шегірткеге қарсы 362,1 мың гектар жер өңделеді. Күрес шараларына жалпы 2 мыңнан астам адам жұмылдырылып отыр. Олардың қатарында фитосанитариялық инспекторлар, болжам орталығының мамандары, жергілікті әкімдіктердің қызметкерлері, ветеринария және табиғат қорғау саласының өкілдері, сондай-ақ уақытша жұмысшылар бар. Дайындық аясында штаб отырыстары өткізіліп, шегіртке таралған аумақтар 65 аймаққа бөлінді. 65 жұмыс тобы құрылды. Жедел штаб Келес ауданы Бірлік ауылдық округінде орналасқан.

Күрес жұмыстары тек химиялық өңдеумен шектелмейді. Агротехникалық шаралар да қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, 2,2 мың гектар аумақта жер жырту жұмыстары жоспарланып, оның бір бөлігі орындалған. Бұл тәсіл зиянкестердің көбеюін 35-50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ шегіртке дернәсілдерін анықтау мақсатында 1 миллион гектардан астам аумақта мониторинг жүргізілмек. Бұл алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған. Техникалық қамту да күшейтілген. Өңдеу жұмыстарына 400-ден астам жер үсті бүріккіш, ұшақтар мен ауыл шаруашылығы дрондары, 1 мыңнан астам аспалы бүріккіш қатыстырылуда. Сонымен қатар 72 су тасушы көлік пен 48 арнайы палатка қарастырылған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button