Басты жаңалықтар

Қорған неге шөгіп барады?

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында орналасқан көне қалашықтың қорған қабырғасына ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мамандардың жыл сайынғы мониторингі барысында қабырғаның жылына 10–15 сантиметрге ығысатыны анықталып, тарихи нысанды сақтап қалу үшін шұғыл қалпына келтіру туралы шешім қабылданды.

Жұмысты «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары атқаруда. Жоба аясында шығыс қақпадан басталатын 32 метрлік аумақ қалпына келтіріледі. Ал апатты жағдайда тұрған қорған қабырғасының жалпы ұзындығы 40 метрді құрайды.


Айта кетейік, қорған қабырғасы 2000 жылдары археологиялық зерттеулердің нәтижесіне сүйене отырып қайта қалпына келтірілген болатын. Бұл жолғы ғылыми-реставрация кезінде қабырғаның іргетасы толық нығайтылып, апатты бөліктен алынған жарамды тарихи құрылыс материалдары сақталады. Кейін сол материалдардың көмегімен қабырғаның бүлінген бөлігі қайта қаланып, тарихи келбеті барынша сақталады.

Мамандардың айтуынша, мұндай тәсіл тарихи ескерткіштің түпнұсқалығын жоғалтпай, оның беріктігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүргізіліп жатқан жұмыстар қорғанның одан әрі бұзылуына жол бермей, цитадельдің солтүстік-шығыс бөлігінің тарихи келбетін сақтауға бағытталған.


Ғылыми-реставрациялық жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button