Мәдениетке жаңа марапат

Қазақстанда ұлттық мәдениет пен өнерді дамытуға үлес қосқан азаматтарға берілетін жаңа мемлекеттік марапаттар енгізіледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу туралы шешім қабылдады.

Жаңа марапаттар музыка және бейнелеу өнерін дамытуға, ұлттық мәдениетті дәріптеуге елеулі үлес қосқан азаматтарға табысталады.
Мәдениет пен өнер – ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын маңызды құндылықтардың бірі. Осыған байланысты жаңа Ата заңда төл мәдениетті жан-жақты қолдау мемлекеттің конституциялық міндеті ретінде бекітілді.

«Шәмші Қалдаяқов» медалі қазақ музыкасының дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегін бағалауға бағытталса, жаңа құрметті атақ бейнелеу өнері саласындағы үздіктерге беріледі.
Бұл бастама ұлттық өнерді қолдауға және мәдениет саласында еңбек етіп жүрген шығармашылық өкілдердің еңбегін дәріптеуге мүмкіндік береді.



