Басты жаңалықтар

«Іскер аймақ» 300 жобаны қаржыландырды

Қазақстанда шағын және микро бизнесті қолдауға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында жалпы құны 21 млрд теңгеден асатын 300-ден астам жоба қаржыландырылды. Бағдарлама ауылдық елді мекендер мен моноқалалардағы кәсіпкерлерге басымдық береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылдың желтоқсанында іске қосылған бағдарламаны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жүзеге асырып келеді. Оның басты мақсаты – микро және шағын бизнеске қолжетімді несие ұсынып, өңірлердегі кәсіпкерлікті дамыту.

Бағдарламаның ерекшелігі – әр өңірдің экономикалық сұранысына қарай қаржыландыру бағыттарының айқындалуы. Басым салалар жергілікті әкімдіктер мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен белгіленеді.

2026 жылы бағдарлама аясында жалпы 400 млрд теңгеге жуық қаржыға 5 мыңға жуық жобаны қаржыландыру жоспарланған.

Бағдарлама өңірлердегі бірнеше өндірістің дамуына серпін берді.

Жамбыл облысында тері өңдеумен айналысатын кәсіпорын мемлекеттік қолдау арқылы күн панельдерін орнатып, электр шығынын 38 пайызға қысқартты. Жоба жыл сайын 24 мың импорттық үлбір бұйымын отандық өніммен алмастыруға мүмкіндік береді.

Қызылорда облысында күріш өндіруші кәсіпкер 110 млн теңге қаржыландыру алып, тәулігіне 150 тоннаға дейін күріш өңдеп, өнімін Қырғызстан, Ресей және Ауғанстанға экспорттап отыр. Жоба жылына 1,5–2 мың тонна импортты алмастыруды көздейді.

Солтүстік Қазақстан облысында медициналық жабдық шығаратын кәсіпорын 100 млн теңге несие алып, өндіріс көлемін жылына 5 мыңнан 10 мың данаға дейін ұлғайтуды және 5 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.

Түркістан облысында TARIX брендімен ірімшік өндіретін «Бахар» жеке кәсіпкерлігі 100 млн теңге несие алды. Соның нәтижесінде тәуліктік өндіріс көлемі 200 келіден 260 келіге дейін өседі. Сонымен қатар жыл сайын 40 тоннаға дейін импорттық сүт өнімінің орнын отандық өнім басып, өңірлік нарық сұранысының 5 пайызын қамтамасыз етеді.

Ақтөбе облысында ұлттық тұрмыстық бұйымдар шығаратын кәсіпкер 35 млн теңге қаржыландыру алды. Нәтижесінде жастық өндірісі тәулігіне 12-ден 20 данаға, көрпе өндірісі 30-дан 50 данаға дейін артты. Қызметкерлер саны 7 адамнан 10 адамға көбейіп, алдағы уақытта тағы 20 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Бағдарлама туралы толық ақпаратты «Даму» қорының өңірлік филиалдарынан немесе 1408 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады. Шалғай ауылдарда кәсіпкерлерге қызмет көрсету үшін көшпелі фронт-офистер де жұмыс істейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button