Футбол тарихын өзгерткен аңыз суреттердің құпиясы

Кейде футболдың ең ұлы оқиғалары жасыл алаңдағы соғылған голдардан емес, уақыт шаңына көміліп қала жаздаған бір ғана қарапайым суреттен басталады. Бір қарағанда жай ғана сәтсіз кадр немесе кездейсоқ естелік болып көрінген фотосуреттер, арада жылдар өткенде миллиондардың жүрегін тебірентетін ұлы тарихтың басы болып шығады.
Бүгін Turkistan Life тілшісі сіздерге тағдырдың керемет жазуымен футбол аңыздарына айналған, бес тарихи фотоның сырын ашады.
Месси болашақ «мұрагерін» шомылдырған күн

2007 жыл. Небары 19 жастағы Лионель Месси қайырымдылық фотосессиясына қатысып, ваннадағы кішкентай нәрестені шомылдыруға көмектеседі. Ол кезде Месси өзінің қолында болашақ футбол әлемін дүр сілкіндіретін, Испания мен «Барселонаның» басты үміті Ламин Ямалды ұстап тұрғанын үш ұйықтаса да түсінбеген еді. Кейде тарих дәл осындай қарапайым әрі жылы сәттерден бастау алады.
Арман үшін 100 шақырым: Хулиан Альварестің ерлігі

11 жасар Хулиан Альварестің өмірдегі ең үлкен арманы — кумирі Лионель Мессиді бір рет болса да көру еді. Осы арман жетегінде ол әкесімен бірге 100 шақырымнан астам жолды артқа тастап, Америка кубогына барады. Арманы орындалып, кумирімен естелік суретке де түседі. Арада 11 жыл өткенде не болды? Сол кішкентай бала Аргентина ұлттық құрамасында Мессимен иық тіресе ойнап, Әлем чемпионы атанды. Тіпті, сол мундиалда Мессидің пасынан шешуші голдарды соқты. Кумирімен суретке түскен бала, кейін сол кумирімен бірге жаңа тарих жазды.
Роналдудың плакаттарынан — «Реал Мадридтің» төріне

Бала Килиан Мбаппенің бөлмесі Кwrite КРИШТИАНУ РОНАЛДУДЫҢ суреттері мен плакаттарына толы еді. Ол күнделікті ұйқыдан тұрғанда өз кумиріне қарап, соған ұқсауды армандайтын. Жылдар өте келе олар алдымен жасыл алаңда басты қарсыластар ретінде кездесті. Ал бүгінде Мбаппе мадридтік «Реалдың» басты жұлдызына айналып, кезінде өзі еліктеген Роналдудың жолын жалғап жатыр. Кеше ол кумиріне еліктесе, бүгін әлемнің миллиондаған жасөспірімдері Мбаппеге еліктейді.
Ройстың кішкентай жанкүйері — бүгінгі интернет патшасы

Жас кезінде Эрлинг Холанд дортмундтық «Боруссияның» басты символы Марко Ройстың ойынына тәнті болып, бір күні онымен бірге ойнауды армандады. Көп ұзамай бұл арман да ақиқатқа айналып, екеуі Дортмундта командалас болды.
Бүгінде Холанд тек әлемнің ең қауіпті сұрмергені ғана емес, сонымен қатар желі мен мемдердің, интернет әлемінің басты жұлдыздарының бірі.
Бір суреттегі болашақ капитан мен болашақ жары

2005 жыл. Аңызға айналған Дэвид Бекхэм Лондонда өзінің футбол академиясын ашады. Салтанатты шарада оның қасында екі 11 жасар бала естелікке суретке түседі. Бұл суреттің сиқыры кейіннен ашылды. Оң жақта тұрған кішкентай ұл бала — кейін Англия ұлттық құрамасын алға сүйреген капитан Гарри Кейн. Сол жақтағы қыз бала — жылдар өте келе Гарри Кейннің өмірлік жарына айналған Кейт Гудленд.
Кейіннен бұл жұп дәл осы суретті үлкейген шағында қайталап түсіріп, бүкіл әлемді таңғалдырған еді.
Түйін: Футбол — жасыл алаңдағы тек қана 90 минуттық ойын немесе құрғақ статистика емес. Бұл тағдырдың өзі жазған сенгісіз сценарийлер мен уақыт сынынан өткен ұлы армандардың тоғысы. Кеше ғана кумирінің плакатына қарап қиялдаған немесе сонау алыстан бір суретке түсу үшін сабылған кішкентай балалардың бүгін әлемді бағындырып жатқаны соның айқын дәлелі. Сондықтан бүгін сіз кездейсоқ түскен қарапайым бір сурет ертең үлкен тарихтың алғашқы парағына айналуы мүмкін екенін ұмытпаңыз.



