
Түркістанда күн райы күрт ысып, ауа температурасы +40°C-тан асып кетуіне байланысты қала көшелерінде төтенше салқындату жұмыстары шұғыл қолға алынды.
Қазіргі таңда шаһардың орталық көшелері мен басты магистральдарында арнайы техникалардың көмегімен жол жамылғыларын аэрациялау, яғни су бүрку шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Мамандардың айтуынша, аптап ыстықта асфальттың шамадан тыс қызып, езіліп кетпеуі үшін мұндай суыту жұмыстарын күндізгі уақытта тұрақты жүргізу аса маңызды.
Бұл әдіс тек жолдың бүлінуін алдын алып қана қоймай, қала ішіндегі шаңды басып, ауаны салқындатуға, сондай-ақ жол жиегіндегі жасыл желектер мен гүлзарларды қосымша ылғалмен қамтамасыз етуге септігін тигізуде.
Айта кетейік, еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс өңірлерінде Орта Азиядан келетін аптап ыстықтың әсерінен күн райы күрт ысымақ. Синоптиктердің болжамынша, бұл аймақтарда жауын-шашынсыз, құрғақ ауа райы орнап, термометр бағаны +41…+46°С дейін жоғарылайды.



