Басты жаңалықтар

Жазғы қауіп көшеден басталады

Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажет.

Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға осындай үндеу жасап, балалар жарақатының басым бөлігі көшеде болатынын мәлімдеді.

Министрлік мәліметінше, биыл ақпан айынан бері Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының балалар травматологиялық пунктіне 6 740 бала жүгінген. Өтініштердің 45,2 пайызы көшеде алған жарақаттарға қатысты. Одан кейін тұрмыстық жарақаттар – 29,2 пайыз, спорт кезіндегі жарақаттар – 11,8 пайыз, мектеп пен балабақшадағы жарақаттар – 10,5 пайыз. Ал жол-көлік оқиғалары салдарынан болған жарақаттардың үлесі 0,7 пайызды құрайды.

Дәрігерлердің айтуынша, балалар арасында ең жиі кездесетін жарақаттар – соғылу мен буынның созылуы. Сондай-ақ сүйек сынуы мен буынның шығуы да жиі тіркеледі.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға, спортпен шұғылданғанда қорғаныш құралдарын қолдануға, жол қозғалысы ережелерін сақтауға және ойын алаңдарында қауіпсіздікті күшейтуге шақырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button