Басты жаңалықтар

Көксәйекте жаңа спорт кешені ашылды

Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Көксәйек ауылында заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысан ауыл тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасап, жас спортшыларды даярлау орталығына айналмақ,деп хабарлайды turkistanlife.kz

Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Осы бағыттағы кезекті жоба ретінде Төлеби ауданына қарасты Көксәйек ауылдық округінің орталығы – Көксәйек елді мекенінде жаңа спорт кешені ел игілігіне берілді.


Аталған нысан «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен салынған. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме жүргізсе, жобалау ісін арнайы ұйым жүзеге асырған.


Жалпы аумағы 4267,99 шаршы метрді құрайтын спорт кешенінде бір мезетте 100 көрерменге арналған орын бар. Мұнда баскетбол, волейбол, күрес залдары және заманауи тренажер залы қарастырылған.

Салтанатты ашылу рәсіміне Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Рәсім барысында кешеннің лентасы қиылып, символикалық кілт табысталды.


Жаңа спорт кешені Түркістан облыстық №7 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қарауына беріліп, жас таланттарды шыңдайтын орталық ретінде жұмыс істейтін болады.

Өңірде спорт саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы 63,6 млрд теңгеге 102 спорт нысанының құрылысы аяқталса, 2026 жылы тағы 20 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, бірқатар спорт нысандары күрделі жөндеуден өтіп, спорт мектептері заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған.

Бүгінде 231 спортшыға ай сайын стипендия тағайындалып, олардың жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне қолдау көрсетілуде.


Айта кетейік, жыл соңына дейін Төлеби ауданындағы Момынай ауылында тағы бір спорт кешенін ашу жоспарланған. Мұндай жобалар ауыл жастарының спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button