250 үздік түлекке диплом табысталды

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде «Ақ жол, Ясауи түлегі – 2026» салтанатты кеші өтіп, оқу мен қоғамдық өмірде үздік нәтиже көрсеткен 250 студентке диплом табысталды.

Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, университет ректоры Жанар Темірбекова, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері мен жоғары оқу орнының түлектері қатысты. Жиында бітіруші жастарға ақжарма тілектер айтылып, кәсіби жолда табысқа жетуге шақырды.

Биылғы үздік түлектер қатарында қазақ күресінен үш дүркін әлем чемпионы Жұмажан Қожамбеков, Азия чемпионы Асылжан Кәрім және әлеуметтік желіде танылған өнерпаз Еңлік Садуақас бар.

Кеш барысында «Ең үздік түлек» атанған 50 жасқа арнайы диплом табысталды. Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, әнші Мархаба Саби түлектерге тосын сый ретінде өнер көрсетті.

Айта кетейік, 2025–2026 оқу жылында Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетін 2754 жас маман тәмамдады. Оның ішінде 1634 бакалавриат, 99-ы магистратура, 739 интернатура, ал 282 резидентура бағдарламасы бойынша білім алды.



