Басты жаңалықтар

Түркістандағы заңсыз қазба

Түркістан облысында заңсыз жер қойнауын игеруге қарсы бақылау күшейтілді.

Өңірде рұқсатсыз қазба жүргізілетін «қызыл нүктелер» жіті бақылауға алынып, заң бұзушыларға қатысты рейдтер мен тексерулердің ауқымы кеңейіп жатыр.


Облыс әкімдігінде өткен арнайы мәжілісте заңсыз карьерлердің жұмысы, ауыр жүк көліктерінің қозғалысы және жер қойнауын пайдалану талаптарының сақталуы талқыланды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев табиғи ресурстарды қорғау мен заң талаптарын сақтау – өңір үшін басым міндет екенін атап өтті.

Қазір Түркістан облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 234 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Оның 159 лицензиямен, 75 келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Өткен жылы бұл сала облыс бюджетіне 9,1 млрд теңге кіріс әкелген. Сонымен қатар игерілмеген және лицензиясы тоқтатылған 504 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

Биылғы бес ай жиырма күннің өзінде заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша 125 құқықбұзушылық анықталған. Нәтижесінде 115 ауыр жүк көлігі мен 10 арнайы техникаайыптұраққа қойылды. Ал келтірілген экологиялық шығын көлемі 10 миллион теңгеден асып отыр.

Экология департаменті 73 әкімшілік іс қозғап, жалпы сомасы 5,6 миллион теңгеге жуық айыппұл салған. Оның 2,2 миллион теңгеден астамы өндіріліп үлгерген.

Тексерулер барысында кейбір кәсіпорындардың лицензиясыз немесе рұқсат етілген аумақтан тыс жерлерде қазба жүргізгені анықталды. Сондай-ақ карьерлерде жүк таразыларының болмауы, тасымалдау құжаттарының толық рәсімделмеуі және ауыр жүк көліктерінің артық салмақпен жүруі секілді заңбұзушылықтар да жиі кездескен.


Қазір облыста анықталған
22 заңсыз қазба орны күнделікті бақылауда. Ал карьерлер мен «қызыл нүктелерден» шығатын ауыр жүк көліктерін бақылау үшін бейнекамералар орнату басталды.

Облыс әкімдігі заңсыз жер қойнауын игеруге қарсы жұмысты одан әрі күшейтіп, цифрлық бақылау жүйесін жедел іске қосуды және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын арттыруды тапсырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button