Соңғы кезекшілік
Түркістанда қауіпті жүргізушіні тоқтатпақ болған капитан қаза тапты

2 шілде. Түркістанның әдеттегі ыстық күндерінің бірі еді. Көшеде ары-бері асыққан тұрғындар, қала қонақтары және солардың қауіпсіздігін жіті бақылап жүрген патрульдік полиция экипажы. Автокөлік тізгінінде – Түркістан қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков. Бұл оның жүздеген кезекшіліктерінің бірі болатын, бірақ ең соңғысы екенін ол кезде ешкім білмеді.
Тәртіп сақшыларының назарына жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, жоғары жылдамдықпен зулаған жеңіл автокөлік түседі. Бейберекет қозғалған темір тұлпардың әрекеті жол жиегіндегі жаяу жүргіншілер мен өзге де жүргізушілердің өміріне тікелей қауіп төндіріп тұрды.

Мұндай сәтте полиция қызметкерінде ойлануға уақыт аз болады. Әрбір секунд қымбат. Көлікті қалай да тоқтату керек, қауіптің бетін қайтару қажет. Капитан Қонысбеков пен оның әріптестері мініп жүрген қызметтік “Chevrolet Cobalt” автокөлігі ереже бұзушының соңынан бет алды. Қуғын ұзаққа созылмады. Саттарханов даңғылы мен Тараз көшесінің қиылысына жете бергенде, қызметтік автокөлік жол-көлік оқиғасына ұшырады. Сұмдық соққы мен темірдің шықырлаған дыбысы бір-ақ сәтте қаланың у-шуын басып кеткендей болды.
Апаттың салдары өте ауыр еді. Соққыдан қатты жарақат алған полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков дәрігерлер жеткенше, оқиға орнында көз жұмды. Ол өзгелердің қауіпсіздігі үшін өз өмірін бәйгеге тігіп, соңғы демі қалғанша қызметтік міндетін орындап кетті.
Қазір Саттарханов даңғылындағы қайғылы оқиға орыны қоршауға алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталып кетті. Ішкі істер органдары бұл оқиғаның ақ-қарасын анықтау үшін барлық тергеу және жедел-іздестіру шараларын жан-жақты жүргізіп жатыр. Заң бойынша процессуалдық шешім қабылданары анық, бірақ бұл шаралар отбасы үшін асқар таудай әкені, ұлды, ал әріптестері үшін сенімді серікті қайтара алмайды.
Ішкі істер министрлігі мен Түркістан облысының Полиция департаменті таратқан ресми мәлімдемеде бір ғана сөйлем бар: «Полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков антқа адал болып, қызметтік борышын соңына дейін абыроймен атқарды».

Бұл құрғақ есеп емес, қызмет үстінде қаза тапқан офицердің рухына көрсетілген құрмет. Қазір министрлік пен ішкі істер органдарының жеке құрамы марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтуда.
Саптан ерте кеткен капитанның бейнесі енді тек фотосуреттер мен әріптестерінің естеліктерінде мәңгілікке қалмақ.



