
Келес ауданындағы Көлтоған елді мекені нағыз құрылыс алаңына айналып, мұнда тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.

Мәселен, 2024 жылы ауылдың 3700 метр көшесіне асфальт төселіп, тағы 5740 метр жолға шағал тас тасталған болатын, ал енді М.Өзтүрік, Сауран, Алтын Орда және Ғазиз көшелерінің тағы 6395 метрін толықтай асфальттау үшін құжаттар дайындалып, сараптамадан өтті және қазір қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр.

Мұнымен қоса, ауылдағы 4 шақырым көшеге заманауи жарық шамдары орнатылып, халықтың денсаулығы үшін жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді.

Шаруалардың да жағдайы ұмытылған жоқ — ағын суды жақсарту үшін Біртілек ауылдық округіндегі 60 шақырым канал тазаланса, оның 20 шақырымы тікелей Көлтоғанға тиесілі.

Ал ауыл жастары мен балалары үшін ең үлкен жаңалық — М.Өзтүрік көшесінің бойынан жаңа кіші футбол алаңшасы мен арнайы балалар ойын алаңын салу үшін жер телімдері бөлініп, құжаттары рәсімделді, жақын арада құрылыс жұмыстары басталып, ауылдың сәнін кіргізбек.




