Саудадағы басты талаптар қандай?
Түркістан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ішкі сауда субъектілеріне заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.

Ережелердің орындалуы тұтынушылардың құқығын қорғауға, әділ бәсекелестікті қалыптастыруға және отандық өнімді қолдауға бағытталған.
Заң талаптары дүкендерге, супермаркеттерге, сауда орталықтарына, базарларға, павильондарға, қоғамдық тамақтану орындарына және тауар сатумен айналысатын барлық кәсіпкерлерге қатысты.
Кәсіпкерлер тауар бағасын өздері белгілей алады. Алайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке мемлекет бекіткен шекті сауда үстемесінен асыруға болмайды.
Сауда орындарында әрбір тауардың бағасы анық көрсетіліп, сатып алушыға дәл сол бағамен сатылуы тиіс. Сонымен қатар әрбір сатып алушыға міндетті түрде кассалық немесе тауарлық чек берілуі қажет.
Ақпараттық маңдайшалар, баға белгілері мен мәзірлер мемлекеттік тілде жазылып, қажет болған жағдайда орыс және басқа тілдерде де ұсынылуы тиіс.
Департаменттің мәліметінше, бірінші, екінші, үшінші және төртінші санаттағы сауда орындарында Қазақстанда өндірілген өнімдер «Қазақстанда жасалған» белгісімен ерекшеленіп, көзге бірден түсетін жерге қойылуы қажет. Сондай-ақ сөрелердің кемінде 30 пайызы отандық өнімдерге бөлінуге тиіс.
Бұдан бөлек, сауда нысандары санитариялық, өрт және техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтауға міндетті. Азық-түлік сататын қызметкерлер уақытылы медициналық тексеруден өтуі керек.
Сондай-ақ бақылау-касса машиналарын пайдалану, өлшеу құралдарының жарамдылығын қамтамасыз ету және тұтынушылардың құқықтарын сақтау – заңмен белгіленген міндеттердің бірі. Заңда көрсетілген ерекше жағдайларды қоспағанда, сатып алушыларға дүкен ішінде фото немесе бейне түсіруге тыйым салуға болмайды.
Департамент кәсіпкерлерді ішкі сауда саласындағы заң талаптарын сақтауға шақырып, бұл тұтынушылардың сенімін арттырып, адал бәсекелестіктің дамуына ықпал ететінін атап өтті.



