Еңбекке лайық құрмет
Түркістан облысында су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі ерекше құрметке бөленді.

Ордабасы ауданындағы «Бөген» су қоймасында өткен салтанатты жиында сала мамандары марапатталып, су инфрақұрылымын дамытудағы жаңа бастамалар таныстырылды.
Іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, су саласы мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады. Өңір басшысы су ресурстарын тиімді басқару ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шешуші бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Бүгінде Түркістан облысында 575 мың гектар суармалы жер бар. Өңірдің су жүйесіне 42 су қоймасы, 4 мыңнан астам канал, 1 794 тік ұңғыма және 1 256 қашыртқы кіреді. Биыл су қоймаларындағы су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,4 миллиард текше метрге артып, толу деңгейі 50 пайызға жеткен.

Сала инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Ислам даму банкіне жалпы құны 166 миллиард теңгеге жуық жобалар ұсынылып, олардың алғашқы кезеңінде тоғыз нысанның құрылысы басталды. Ал су үнемдеу технологиялары өткен жылы 114 мың гектар алқапқа енгізілсе, биыл бұл көрсеткішті 164 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.
Мерекелік жиында елге жауын-шашынның мол түсуі мен су қорының артуын тілеп тасаттық беріліп, ақсақалдар ақ батасын берді. Қатысушылар «Бөген» су қоймасының қазіргі жай-күйімен танысты.

Сондай-ақ, «Қазсушар» мекемесінің Түркістан облыстық филиалына канал бойында еңбек ететін мұраптарға арналған 25 мотоцикл мен 4 трактор таныстырылды. Бұл техника су нысандарын күтіп-ұстау жұмыстарын жедел әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Салтанатты шарада су шаруашылығының дамуына үлес қосқан мамандар Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Түркістан облысы әкімінің және облыстық мәслихаттың марапаттарымен наградталды. Мереке еңбек адамдарына арналған концерттік бағдарламамен қорытындыланды.



