
Күн ыстықта сыртта тұрған көліктің іші санаулы минуттарда пеш сияқты қызып кетеді. Онда қалдырылған қарапайым заттар бүлініп қана қоймай, жарылысқа немесе өртке себеп болуы мүмкін.
Далада ауа температурасы 30–35°C жылы болса, көлік ішіндегі ыстық небәрі 30–60 минуттың ішінде 50–70°C-қа дейін көтеріледі. Тіпті терезені сәл ашып кетсеңіз де, бұл жағдайды өзгертпейді. Сондықтан қауіпсіздік үшін мына заттарды салонда ешқашан қалдырмаңыз:
- Электроника мен батареялар: Powerbank, кәдімгі батареялар, ұялы телефон, ноутбук және басқа да гаджеттер қатты ысығанда жарылуы немесе істен шығуы мүмкін.
- Дәрі-дәрмек пен косметика: Сұйық кремдер, иіс сулар мен дәрілер жоғары температурада өзінің емдік әрі пайдалы қасиетін жоғалтады.
- Су бөтелкелері мен газдалған сусындар: Пластик бөтелкедегі су күн көзінде қалса, линза сияқты әсер етіп, салонды өртеп жіберуі ғажап емес. Ал газдалған сусындар қысымға шыдамай жарылуы мүмкін.
- Аэрозоль баллондары: Дезодоранттар, дезинфекциялаушы спрейлер мен оттықтар (зажигалка) қатты ыстықта бірден жарылыс тудырады.
- Шоколад және тез бұзылатын тағамдар: Шоколад еріп, көлікті былғаса, өзге азық-түліктер санаулы сағатта бұзылып, улану қаупін арттырады.
Маңызды кеңес: Қауіпсіздік үшін жазғы уақытта көлікті мүмкіндігінше көлеңкеге қойыңыз. Ал ең маңызды әрі қауіпті заттарды өзіңізбен бірге алып жүруді әдетке айналдырыңыз.



