Басты жаңалықтар

Жастарды тәртіпке шақырған турнир

Жетісайда жастарды спорт пен тәртіпке үндейтін ерекше жоба басталды

Түркістан облысында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттайтын «TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» атты облыстық турнир бастау алды. Ауқымды жоба алғаш болып Жетісай ауданында өтті.


Шараға 14 пен 35 жас аралығындағы 200-ге жуық жас қатысып, белтемірге тартылу, қоссырықта жаттығу және жерден қолды бүгіп-жазу бойынша бақ сынасты. Қызығы — қатысушылардың ең жасы 14-те болса, ең егде спорт сүйер қатысушы 76 жаста болған.

Жоба тек спорттық жарыспен шектелмеді. Жастарға танымал спортшылар мен жаттықтырушылар мотивациялық кездесулер өткізіп, ашық әңгіме алаңдары ұйымдастырды. Сонымен қатар қаржылық алаяқтық, дропперлік және банк карталарын бөтен адамға берудің жауапкершілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.


«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында өткен жоба жастардың құқықтық сауатын арттырып, тәртіпке, жауапкершілікке және белсенді өмір салтына баулуды мақсат етеді.

Енді турнир облыстың барлық аудан-қалаларында жалғасады. Үздік қатысушылар шілде айында өтетін облыстық финалда бақ сынайды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button