Басты жаңалықтар

Сапасыз тауар алсаңыз не істейсіз?

Сатып алған тауарыңыз ақаулы болып шықты ма, әлде көрсетілген қызмет көңіліңізден шықпады ма? Мұндай жағдайда тұтынушы заң алдында қорғансыз емес. Қазақстан заңнамасы әр азаматқа өз құқығын қорғауға мүмкіндік береді.

Қазақстанда тұтынушылардың құқығы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңмен қорғалады. Заң азаматтардың заңды мүдделерін қорғап қана қоймай, сатушылар мен қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін де нақты белгілейді. Әрбір тұтынушы сапалы әрі қауіпсіз тауар алуға, оның бағасы, құрамы мен сипаттамасы туралы толық ақпарат білуге құқылы.

Егер сатып алған тауарыңыз сапасыз болып шықса немесе көрсетілген қызмет талапқа сай болмаса, ең алдымен сатушыға немесе қызмет көрсетушіге жазбаша наразылық (претензия) жолдау қажет. Бұл – мәселені сотқа жеткізбей шешудің ең тиімді жолдарының бірі. Наразылық хатта анықталған кемшіліктер мен тұтынушының нақты талабы көрсетіледі.

Ал кәсіпкер заңды талапты орындамаса немесе өтінішке жауап бермесе, тұтынушы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 42-5-бабына сәйкес тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға жүгіне алады.

Мәселен, азамат тұрмыстық техника сатып алып, кепілдік мерзімі ішінде оның ақауы анықталса, алдымен сатушыға жазбаша талап қоюға құқылы. Егер мәселе шешілмесе, заңда белгіленген тәртіппен тиісті мемлекеттік органға шағымдана алады.

Мамандардың айтуынша, тұтынушылардың құқықтық сауатын арттыру бүгінгі күні аса маңызды. Өз құқығын білетін азамат сапалы қызмет талап етіп қана қоймай, адал бәсекелестік пен жауапты кәсіпкерлік мәдениетінің қалыптасуына да ықпал етеді.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың басты мақсаты – азаматтардың сенімін арттыру, сапалы тауарлар мен қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және әділ тұтынушылық ортаны қалыптастыру. Сондықтан әрбір азамат өз құқығын біліп, қажет болған жағдайда оны заң аясында қорғай білуі тиіс.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button