Әз-Наурыз Түркістанда ерекше өтті: жаңа атшабар пайдалануға берілді
Түркістан қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жаңа заманауи атшабардың ресми ашылуымен ерекшеленді.

Мерекелік іс-шаралар ұлттық рух пен заманауи мәдениетті ұштастырған кең көлемді бағдарламамен өрбіді, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өңір тұрғындары мен қонақтарын әз-Наурыз мерекесімен құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде Наурыздың тек табиғаттың жаңару кезеңі ғана емес, қоғамдағы бірлік пен рухани құндылықтарды нығайтатын маңызды мейрам екенін атап өтті. Сондай-ақ, Түркістанның тарихи-рухани маңызына тоқталып, жаңа атшабардың ашылуы өңірдегі ұлттық спорт пен туризмнің дамуына серпін беретінін жеткізді.
Жаңа атшабар – халықаралық талаптарға сай салынған заманауи кешен. Мұнда ұлттық ат спорты түрлерінен түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге толық мүмкіндік қарастырылған. Қазіргі таңда нысанда ұлттық спорттың бірнеше бағыты бойынша республикалық және халықаралық додалар ұйымдастырылып келеді. Мереке аясында көкпардан әлем чемпионы анықталып, бұл күннің маңызын арттыра түсті.

Мерекелік бағдарлама аясында өңірдің Сауран, Ордабасы және Созақ аудандарынан келген өнер ұжымдары сахнада өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Театрландырылған «Қош келдің, көктем» қойылымында қазақ халқының салт-дәстүрі мен табиғаттың жаңару кезеңі көркем түрде бейнеленді. Сонымен қатар этно-фешн форматындағы сән көрсетілімі ұйымдастырылып, ұлттық киімдер жаңа қырынан ұсынылды.

Кешкі гала-концертте отандық эстрада әншілері Ернар Амандық, Ізбасар Кеңесов, Қазыбек Құрайыш, Артур және Әлем сахнаға шығып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шара соңы ауқымды отшашу шоуымен қорытындыланып, Түркістан аспанын ерекше нұрға бөледі.

Айта кетейік, жаңа атшабардың іске қосылуы – өңірдің спорттық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Бұл жоба Түркістанның туристік және мәдени орталық ретіндегі әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.



