Таңдаулылар анықталды
Түркістанда мәдениет майталмандарына ерекше құрмет көрсетілді

Әдетте сахна сыртында қалып, бізге рухани азық сыйлайтын жандар – Мәдениет және өнер қызметкерлері өздерінің төл мерекесін дүркіретіп атап өтті. Салтанатты кеш жай ғана ресми жиын емес, нағыз өнер думанына айналды.

Кештің басты тосынсыйы – «Яссы» халықтық фольклорлық ансамблінің отты өнері болды. Ұлттық нақыштағы әуендер мен мың бұралған бишілер көрерменді бірден баурап алды. Тіпті, мәдениет саласының тыныс-тіршілігін көрсететін эксклюзивті бейнематериал көпшіліктің жүрегін елжіретті.

Бұл кеште ең еңбекқор жандар назардан тыс қалмады. Қала әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов бастаған шенеуніктер мен мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, «Amanat» партиясының өкілдері сахнаға көтеріліп, үздіктерге алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков пен мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева ақ баталарын беріп, өнерпаздардың қоғамдағы орны бөлек екенін қадап айтты.

Кештің нүктесін халық театрының сахналаған «Өнер адамы» атты ерекше қойылымы қойды. Өнер адамдарының шынайы өмірін көрсеткен бұл драма мен артынша жалғасқан концерттік бағдарлама залдағы көрермендердің ыстық ықыласы бөленді.



