Айыппұл арқаламай тұрып, мынаны тез оқып алыңыз

Соңғы кездері «Жақындарыма ақша аударсам, салық төлеймін бе?» деген сұрақ көпшілікті мазалап жүр. Қаржы министрлігінің 2026 жылға арналған жаңа талаптарына сәйкес, бәріне бірдей салық салынбайды. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Мейрамбек Көкеновтен Turkistan Life тілшісі сұрады.

Кімдер бақылауға түседі?
Банк сіздің деректеріңізді салық органына беруі үшін 3 шарт бір мезгілде орындалуы керек:
- Аударымдар қатарынан 3 ай бойы үзілмеуі тиіс.
- Ай сайын сізге 100 түрлі адамнан ақша түсуі қажет.
- Түскен жалпы сома 12 ең төменгі жалақыдан (ЕЖМ) асуы керек.
Егер сіз туыстарыңыз бен достарыңызбен ғана ақша алмассаңыз (олардың саны айына 100-ге жетпесе), сізге ешқандай қауіп жоқ. Бұл салық салу объектісі емес.
Егер бақылауға түссеңіз, не болады?
Мемлекеттік кірістер органы жұмысты екі кезеңде жүргізеді:
- Ақпараттық хабарлама: Сізге «кәсіпкерлік белгілері бар» деген ескерту келеді. Бұл жай ғана мәлімет, жауап беру міндетті емес. Бұл — қызметіңізді заңдастыруға берілген мүмкіндік.
- Камералдық бақылау: Егер заң бұзушылық расталса, ресми хабарлама келеді. Міне, осы кезде 30 жұмыс күні ішінде жауап беруіңіз керек.
Не істеу керек?
- Егер бұл кәсіпкерлік болса — салықты төлеп, тіркелу қажет.
- Егер бұл жеке көмек немесе қайырымдылық болса — түсініктеме жазып, растайтын құжаттарды көрсету жеткілікті.
Егер сіз кәсіпкер ретінде тіркелмей, тұрақты табыс тауып жүрсеңіз, алғашында 15 АЕК айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде қайталанса 30 АЕК айыппұл төлеуге мәжбүр боласыз.



