Ауылға серпін берген жоба

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда 4635 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл туралы өңір әкімдігі хабарлады.
2023–2025 жылдары жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 30,2 млрд теңге бөлініп, қаржы толық игерілген. Осы кезеңде алты бағыт бойынша 4223 жоба қаржыландырылды. Басым бөлігі мал және өсімдік шаруашылығы салаларына тиесілі.
Бағдарлама нәтижесінде өңірде 593 жылыжай іске қосылып, 79 қайта өңдеу кәсіпорны ашылды. Сондай-ақ мал басы 76 мыңнан астамға көбейіп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 441 адамға азайды.
Биыл «Ауыл аманаты» жобасына 15,3 млрд теңге қарастырылған. Оның аясында 1115 жобаны қаржыландырып, 1400 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар өңірдің бірнеше ауданында балық жемі, макарон, шұжық және шұлық өндіретін жаңа өндіріс орындарын іске қосу көзделген.



