Түркістан саммитке қалай дайындалып жатыр?
15 мамырда Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтеді. Көне шаһар қазір халықаралық деңгейдегі маңызды жиынды қабылдауға қызу дайындалып жатыр

Қала көшелері тазартылып, абаттандыру жұмыстары толық аяқталған. Қала аумағында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің тулары желбіреп, бауырлас халықтардың бірлігі мен ортақ рухани байланысын айшықтап тұр.
Биылғы саммиттің Түркістанда өтуі де кездейсоқ емес. Тарихы терең, түркі халықтарының ортақ мәдениеті мен рухани тамырын тоғыстырған шаһар бүгінде түркі әлемінің саяси әрі мәдени ықпалдастығын нығайтатын маңызды орталыққа айналып келеді.
Алқалы жиынның басты тақырыбы — «Жасанды интеллект пен цифрлық даму». Саммитке ұйымға мүше және бақылаушы мемлекеттердің басшылары, халықаралық ұйымдар мен түркі интеграциялық институттарының жетекшілері қатысады деп жоспарланған.

Ірі халықаралық іс-шара қарсаңында қауіпсіздік шаралары да күшейтілген. Қалада полиция, Ұлттық ұлан, прокуратура, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметі, төтенше жағдайлар департаменті, әскери бөлімдер және өзге де құрылым өкілдері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Түркістанға Алматы, Шымкент қалалары мен Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан қосымша тәртіп сақшылары тартылған.

Қазір қауіпсіздік құрылымдары соңғы дайындық жұмыстарын пысықтап, арнайы техниканың дайындығын тексеріп жатыр. Ресми делегацияларды тасымалдайтын қызметтік көліктер де толық әзірленген.

Жалпы аумағы 707 шаршы метр болатын кешеннің басты нысаны — диаметрі 31 метр, биіктігі 15,5 метрге жететін алып киіз үй.
Мұнда форумдар, этнофестивальдер, халықаралық көрмелер мен мәдени шаралар өткізу жоспарланған. Кешен аумағында шағын киіз үйлер де орналастырылған.
Түркістандағы қолөнершілер қалашығы да халықаралық жиынға толық дайын. Саммит аясында шетелден келген 17 қолөнершінің туындылары мәртебелі меймандар назарына ұсынылады.



