
Түркістанда өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында PhD доктор, халықаралық қатынастар және саясаттану бойынша сарапшы Сүйінбай Суюндиков пікір білдірді, деп хабарлайды turkistanlife.kz тілшісі.
Сарапшының пайымдауынша, Түркістан қаласының тарихи рөлі мен бүгінгі заманауи даму бағыты түркі әлемі үшін стратегиялық маңызға ие. Түркістан тек рухани орталық қана емес, мемлекет басшыларының ең өзекті мәселелерді ашық талқылайтын бірегей диалог алаңына айналып отыр.
«Түркістан — түркі әлемінің көне астанасы, бүгінде ол ортақ рухани орталық ретінде қайта жаңғырды. Саммиттің бейресми форматта өтуі өте маңызды, өйткені бұл жерде мемлекет басшылары ресми хаттамалармен шектелмей, еркін пікір алмасады. Бұл маңызды сұрақтарды тікелей және жедел талқылауға мүмкіндік береді», — деді.
Спикер биылғы саммиттің негізгі өзегі — жасанды интеллект және цифрлық трансформация мәселесі екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл тақырып түркі мемлекеттерінің жаһандық бәсекедегі технологиялық егемендігін нығайтудың басты кепілі болмақ.
«Бұл бағытта түркі әлемі өзінің дербес цифрлық және жасанды интеллект базасын қалыптастыруды көздеп отыр. Бұл технологиялық және инновациялық жағынан өзгелерге тәуелді болмай, өз егемендігімізді сақтау үшін өте маңызды. Қазіргі жаһандану заманында жасанды интеллектінің рөлі зор, сондықтан біз осы салада ортақ инфрақұрылымымызды дамытуымыз қажет», — деп толықтырды сарапшы.
Сондай-ақ сарапшы цифрландырудың нақты экономикалық тиімділігіне, әсіресе логистика саласындағы мүмкіндіктеріне тоқталды. Ол Түркия мен Қазақстан арасындағы тауар айналымын мысалға келтіре отырып, уақыт пен қаражатты үнемдеудің жолдарын көрсетті.
«Бүгінгі таңда Түркиядан шыққан жүк көлігі кедендік рәсімдердің кесірінен Қазақстанға 25-30 күнде жетеді. Ал егер ортақ цифрлық база құрылатын болса, бұл процестер небәрі 40-50 минуттың ішінде шешіледі. Бұл кәсіпкерлер үшін де, мемлекеттер арасындағы сауда үшін де өте тиімді, жылдам әрі арзан болады», — деді сарапшы.
Оның түйіндеуінше, бұл жиынның негізгі мақсаты түркі халықтарының интеграциясын заманауи технологиялар арқылы жаңа сатыға көтеру. Түркістан осы ұлы мақсаттар тоғысқан технологиялық және рухани орталық ретіндегі рөлін нығайта бермек.



