Басты жаңалықтар

Қай өңірде айлық көбірек төлейді?

Қазақстандықтарды қызықтырған жалақы рейтингі жарияланды

Қай өңірде айлық жоғары? Еңбектің бағасы қай жерде әділ?» — бұл сұрақ бүгінде көпшіліктің көкейінде жүр. Ұлттық статистика бюросы 2026 жылдың І тоқсаны бойынша Қазақстандағы орташа жалақы мөлшерін жариялап, өңірлер арасындағы нақты айырманы көрсетіп берді.

Ресми дерекке сүйенсек, ел бойынша орташа айлық атаулы жалақы 461 486 теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1 пайызға көп. Дегенмен инфляцияны есептегенде нақты табыс 2,3 пайызға төмендегені де назар аударарлық.

Енді негізгі сұраққа келсек — қай өңір алда?

Жалақы көлемі бойынша көшті тағы да мұнайлы аймақтар бастап тұр. Ең жоғары орташа айлық Маңғыстау облысында тіркелген — 659 801 теңге. Одан кейін Ұлытау облысы — 655 995 теңге және Атырау облысы — 652 950 теңгемен үздік үштікті түйіндейді.

Ал мегаполистер арасында Алматы қаласы алда келеді. Мұнда орташа айлық 574 162 теңгеге жеткен.

Бірақ ең қызығы — өсім динамикасында. Өңірлер ішінде Абай облысы алға шыққан: бір жылда жалақы 14,2 пайызға өсіп, 405 425 теңгеге жетті. Павлодар облысы — 12,4 пайыз, Жетісу — 12,2 пайыз, Алматы облысы — 10,9 пайыз өсім көрсеткен.

Салалар бойынша да айтарлықтай өзгеріс бар. Ең үлкен өсім ауыл, орман және балық шаруашылығында — 20,3 пайыз. Қаржы және сақтандыру саласы — 18,1 пайыз, сумен жабдықтау — 16,5 пайыз, электр энергиясы мен газ — 14,7 пайыз, көлік және қоймалау — 12,9 пайыз, өнеркәсіп — 11,6 пайызға өскен.

Ал білім беру саласында өсім небәрі 4,2 пайыз болса, денсаулық сақтау саласында 7 пайыз деңгейінде қалған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button