Бетін тұмшалағандарға ескерту мен айыппұл: Қанат Ысқақ түсіндірді

Қоғамдық орында бет-жүзін жауып жүретін азаматтарға заң аясында ескерту жасалады, ал заң бұзушылық қайталанса, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады,деп хабарлайды turkistanlife.kz
Мәдениет және ақпарат министрлігінің бірінші вице-министрі Қанат Ысқақ қоғамдық орында бет-әлпетін жабатын киім киген азаматтардың жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. Вице-министр бұл норманың діни немесе әлеуметтік киімдерге емес, тек қоғамдық орында жүзді жабуға арналғанын айтты.
Заң бұзушыларға алдымен ескерту жасалады. Қайталанған жағдайда әкімшілік жауапкершілік бойынша 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл норманың енгізілгеніне шамамен 2–3 ай болған, нақты статистика әлі жинақталуда.
Қанат Ысқақ атап өткендей, курьерлер, спортшылар, кәсіби қызметтегі міндеттерді орындау үшін бет-жүзін жабатын киім кигендерге бұл заң қолданыстағы шектеу қоймайды. Сонымен қатар ауа райына байланысты немесе қауіпсіздік мақсатында бет-жүзін жабатын киім киетіндерге де айыппұл салынбайды.
Осы заңның мақсаты – қоғамда қоғамдық орында жеке тұлғаның бейнесін анықтауға кедергі жасайтын киімдерді шектеу болып табылады, ал діни немесе әлеуметтік киімдерге ешқандай тыйым салынбайды.



