Басты жаңалықтар

Мерзімді әскери қызмет: әрбір әскерге шақырылушы нені білуі тиіс?

ҚР Қорғаныс министрлігі көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында мерзімді әскери қызметтің негізгі қағидаларын түсіндірді. Бүгінде әскерге шақыру жүйесі жаңарып, үдерістер кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшірілуде, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Шақыру процесі қалай өтеді?

Қазіргі таңда шақыру жүйесі барынша автоматтандырылған. Азаматтарға шақырту қағаздары SMS-хабарлама немесе eGov порталы арқылы кемінде үш күн бұрын жіберіледі. Бұл хабарламалар ресми мәртебеге ие, сондықтан оны алған азамат әскери басқару органына немесе шақыру пунктіне міндетті түрде келуі тиіс.

Медициналық тексеруді азаматтық денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары жүргізеді. Соның нәтижесінде әскерге жарамдылық санаты анықталады. Заңда көзделген негіздер болған жағдайда кейінге қалдыру немесе қызметтен босату мүмкіндігі қарастырылған. Әскерге 18 бен 27 жас аралығындағы ер азаматтар шақырылады.

Әскери қызметтің артықшылықтары

Мерзімді әскери қызмет – тек міндет қана емес, сонымен қатар тұлғалық дамудың маңызды кезеңі. Әскер жас азаматтарды тәртіпке, жауапкершілікке және ұжымда жұмыс істеуге үйретеді.

Қызмет барысында сарбаздардың дене дайындығына ерекше көңіл бөлінеді. Тұрақты жаттығулар, нақты күн тәртібі және теңгерімді тамақтану олардың физикалық және психологиялық төзімділігін арттырады.

Сонымен қатар әскери қызметшілер заманауи технологияларды меңгеріп, байланыс, техника, логистика, медицина сияқты салаларда тәжірибе жинақтайды. Бұл дағдылар азаматтық өмірде де сұранысқа ие.

Қайда қызмет өтейді?

Әскерге шақырылушыларды бөлу олардың денсаулық жағдайына, білім деңгейіне, психологиялық дайындығына және Қарулы күштердің қажеттілігіне қарай жүзеге асырылады.

Сарбаздар Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштері, Десанттық-шабуылдау әскерлері сияқты бөлімдерде қызмет етеді. Сонымен қатар ІІМ Ұлттық ұланы, ҰҚК Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігі құрылымдарында да борышын өтей алады.

Кейбір әскери бөлімдерге іріктеу талаптары жоғары. Мұндай бөлімдерге қабылдану үшін үміткерлер тереңдетілген медициналық және психологиялық тексеруден, сондай-ақ дене дайындығы сынақтарынан өтеді.

Әлеуметтік кепілдіктер қандай?

Әскери қызмет сарбаздарға бірқатар әлеуметтік мүмкіндіктер береді. Қызметтен кейін азаматтар жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктерге ие болып, білім гранттарын пайдалана алады. Сонымен қатар несие демалыстары қарастырылған.

Қосымша жеңілдіктер қатарында ҰБТ тапсырмай-ақ грант алу мүмкіндігі және жатақханадан орын алуға басымдық беріледі. Қазіргі таңда мыңдаған азамат осындай білім беру сертификаттарын алған.

Қызметке қалай дайындалу керек?

Әскерге дайындық физикалық әрі психологиялық тұрғыдан қатар жүргізілуі тиіс. Жас азаматтар дене шынықтырумен айналысып, төзімділігін арттырып, тәртіпке және ұжымда жұмыс істеуге бейім болуы қажет.

Көктемгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда. Бұл кезең – көптеген жастар үшін өмірлік тәжірибе жинақтап, болашақ кәсіби бағытын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды белес.

Басқа жаңалықтар

Back to top button