Мопед мінгендер салық төлей ме?
Қазақстандықтар көлік салығын 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін төлеуі тиіс, алайда мопедтерге қатысты жағдай әлі де түсініксіз. Tengri Auto тілшісі мопед иелерінің салық төлеуі қажет пе, жоқ па деген мәселені анықтап көрді.

Қазақстанда 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін көлік салығын төлеу науқаны жүріп жатыр. Алайда, соңғы уақытта жолдарда саны күрт артқан мопед иелерінің салықтық міндеттемесі туралы мәселе ашық қалып келген болатын , деп хабарлайды turkistanlife.kz
Қазақстанның Салық кодексіне сәйкес, елімізде тіркелген және есепте тұрған барлық көлік құралдарына салық салынады. Бұл тізімге А және А1 санатындағы мотоциклдер мен мотороллерлер де кіреді. Салық кодексінің 565-бабына сәйкес, олардың қозғалтқыш қуатына қарай келесідей мөлшерлемелер бекітілген:
55 кВт-қа (75 ат күші) дейін — 1 АЕК;
55 кВт-тан жоғары — 10 АЕК.
Алайда, басты мәселе — Салық кодексінде «мопед» терминінің мүлдем аталмауында болып отыр.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, мопедтің анықтамасы тек «Жол жүрісі туралы» Заңда ғана көрсетілген. Оған сәйкес:
Мопед — қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышымен жабдықталған, жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын көлік құралы.
Осыған байланысты, салық салу тұрғысынан алғанда мопедтер Кодекстегі көлік құралдарының ешбір санатына сәйкес келмейді.
Мемлекеттік кірістер комитеті мопедтер үшін көлік құралдарына салынатын арнайы салық мөлшерлемесі қарастырылмағанын ресми түрде мойындады .
Яғни, Қазақстанда әзірге мопедтер үшін салық төлеудің қажеті жоқ.



