Басты жаңалықтар

Әлемді таңғалдырған түркістандық

Еуропадан медальмен оралды

Қазақстандық мектеп оқушылары Румынияда өткен халықаралық білім додасында сенсация жасады. Әлемнің 23 елінен жиналған 140-қа жуық ең мықты жас математиктердің арасында түркістандық оқушы да үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды тілшіміз.

Бузэу қаласында 15-20 маусым аралығында өткен Жасөспірімдер арасындағы беделді Балқан математикалық олимпиадасында (JBMO) Қазақстан құрамасы сапында барған 6 оқушының барлығы жүлде алды. Ел қоржынына 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль түсті.

Осы дүбірлі додада Түркістан облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Ілияс Дінмұхамедұлы қола медаль иеленіп, өңір абыройын асқақтатты.

Командалық есепте Қазақстан құрамасы әлемдік алпауыттармен бәсекеге түсіп, айтарлықтай жоғары нәтиже көрсетті. Жерлестеріміз жалпы есепте Румыния, Болгария және Франция командаларынан кейінгі төртінші орынға табан тіреді. Бұл нәтиже отандық оқушылардың математикалық мектебі Еуропаның маңдайалды елдерімен тең дәрежеде екенін дәлелдеді.

Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы Балқан математикалық олимпиадасы – 16 жасқа дейінгі дарындар үшін әлемдегі ең беделді әрі күрделі интеллектуалды жарыстардың бірі. Қазақстан бұл додаға 2004 жылдан бері қатысып келеді және жыл сайын жүлдесіз қайтпайды.

Қазіргі таңда халықаралық аренада ел намысын қорғап қайтқан жас дарындарды елімізде үлкен құрметпен қарсы алуға дайындық жүріп жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button