Кентауда «Мөлдір бұлақ» экоакциясы: Хантағыдағы бұлақ көздері тазартылды

Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Мөлдір бұлақ» атты ауқымды шара өтті.
Табиғатты қорғауға бағытталған бастамаға қала әкімі Жандос Тасов, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары, еріктілер мен белсенді жастар қатысты.

Іс-шара барысында қала басшысы қатысушыларға алғыс білдіріп, қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындарды тазалықты сақтауға, туған жерге жанашырлықпен қарауға және экологиялық бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.
Акция аясында Хантағы ауылындағы тау бөктеріндегі бұлақ көздері ашылып, ағын су жағалаулары тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Жалпы саны 400-ден астам адам жұмылдырылып, 10-нан аса арнайы техника тартылды. Нәтижесінде 20 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Бұл шара өңірде қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да Кентау қаласында экологиялық акциялар жалғасып, тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жобалар жүзеге асады.

Айта кетейік, «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы Түркістан облысы көлемінде бастау алып, алғаш рет Түлкібас ауданында ұйымдастырылған. Оған облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысқан болатын.



