Түркістан: Отырарда Жаңару күні қарсаңында 500 түп көшет отырғызылды

Отырар ауданында «Жаңару күні» мерекесіне орай ауқымды көгалдандыру акциясы өтті. Шара аясында Д. Құрманбеков атындағы №20 кәсіптік колледж аумағына бірнеше сұрыпты 500 түп жеміс ағашы егілді, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Абаттандыру жұмыстарына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, мәслихат төрағасы Уалихан Жамалханұлы, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК және «Заречное» АҚ өкілдері қатысты. Акцияға аудан ардагерлерімен бірге студенттер мен белсенді жастар да атсалысып, аға буын мен кейінгі толқынның сабақтастығын көрсетті. Бұл бастама аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға және жасыл желекті көбейтуге бағытталған.

Колледж аумағында егілген 500 түп көшеттің басым бөлігі өңір климатына бейімделген жеміс ағаштары. Атап айтқанда:
120 түп алма және 60 түп алхоры;
60 түп шиенің екі түрі (гигант және шпанка);
60 түп сары өрік және 30 түптен алмұрт, шабдалы;
Экзотикалық саналатын 30 түп лимон, 30 түп анар және 20 түп айва.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жас ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді. Қатысушылар табиғатты аялау — баршаға ортақ міндет екенін және мұндай көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

«Бұл — жай ғана ағаш егу емес, туған жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі. Бүгін егілген жеміс ағаштары ертеңгі күні колледж студенттері мен аудан тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастырады», — деді шараға қатысушылар.
Отырар ауданындағы бұл бастама өңірдің көркеюіне ғана емес, тұрғындар арасында экологиялық жауапкершіліктің артуына да оң ықпал етпек. Жасыл желек алдағы уақытта арнайы күтімге алынады.



