
Жарты жылда Түркістан облысы 325,3 млрд теңгенің өнімін өндіріп, республикада бірінші орынға шықты.
Түркістан облысы 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден республикада бірінші орынға көтерілді. Өңірде 325,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 110,7 пайызды құрады.

Агроөнеркәсіп кешеніне 153,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көлемі 1,5 есеге артқан.

Тамақ өнімдерін өндіру де өсім көрсетті. Алты айда өндіріс көлемі 96,6 млрд теңгеге жетті. Ет өңдеу – 172,1%, өсімдік майы – 136,7%, сусын өндірісі – 139,6%, ұн-жарма және балық өнімдері – 121,4%, жеміс-көкөніс өңдеу 108,5% өсім көрсетті.
Экспорт көлемі де екі есеге ұлғайды. Жыл басынан бері облыстан 904,5 мың тонна ауыл шаруашылығы және қайта өңделген өнім шетелге жөнелтілді.

Биыл егіс көлемі 919 мың гектарға жетті. Қазірдің өзінде 583 мың тонна көкөніс, 750 мың тонна бақша өнімі, 207 мың тонна картоп және 3,2 млн тонна мал азығы жиналған.
Өңірде су үнемдеу технологиялары да кеңейіп келеді. Биыл бұл әдіс тағы 50 мың гектарға енгізіліп, жыл сайын 280 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Мал шаруашылығы бойынша да Түркістан көш бастап тұр. Қазақстаннан экспортталатын сиыр етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы осы өңірдің үлесіне тиесілі. Жыл басынан бері шетелге 10,3 мың тонна сиыр еті және 14,4 мың тонна қой еті экспортталған.



