Сауран: Құм астындағы құпия мен даланың рухы

Біз ХХІ ғасырда «ақылды технологиялар» туралы айтып жүрміз. Ал осыдан 700 жыл бұрын қазақ даласында жер астымен су ағызған, мұнаралары өздігінен тербелетін нағыз «Smart-қала» болғанын білесіз бе? Сауран — орта ғасырлық инженерлік ойдың шыңы ғана емес, Дешті-Қыпшақтың ең жұмбақ маржаны.

Көктемнің алғашқы күндері, жер ана бусанып, көк тебіндеп шыға бастаған сәтте жолымыз көне Сауран шаһарына түсті. Қазақтың кең даласына ерекше көрік беріп, сонау алыстан мұнарасы мұндалаған бұл жәдігердің атмосферасы мүлде бөлек. Көне көпірдің алдына табан тірегенде, бейне бір қазыналы қарттың құшағына енгендей жылулық еседі.
Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, қаланың іргетасы ІХ ғасырда қаланғанымен, оның алтын дәуірі ХІІ-ХVІ ғасырларға тұспа-тұс келеді. Сауран — сыртқы жаудан сақтанған, биік дуалдармен құрсанған нағыз бекініс-қала. Тіпті біз барғанда арада ондаған ғасыр өтсе де, жел мен жауын мүжіген «қарт қабырғалардың» биіктігі әлі де 5-6 метрді құрайтынына таңғалдық. Бұл — бабалар сәулетінің мықтылығының белгісі.

Сауран — жай ғана қамал емес, ол өз заманының «smart-қаласы» болған десек артық айтқандық емес. Сауранды жай ғана қамал деу — қателік. Ол өз заманының озық технологиялық орталығы болды. Оған дәлел — кәріз жүйесі. Жер астынан қазылған, шақырымдарға созылатын бұл су арналары қаланы тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп қана қоймай, айналасын жайқалған бау-бақшаға айналдырған.
«Бұл қаланың суы жер астынан келеді, оны ешбір жау бөгей алмайды», — деп жазған екен ертедегі саяхатшылар.

Қаланың басты «брендіне» айналған ерекшеліктер де аз емес:
• Тербелмелі мұнаралар: Медреседегі қос мұнараның бірін қозғасаң, екіншісі өздігінен тербелетін болған. Бұл — ортағасырлық инженерлік ойдың шыңы.
• Сауда торабы: Жібек жолының бойындағы Сауранда әлемнің төрт бұрышынан келген мәдениеттер тоғысып, сауда қызған.

XIV ғасырда Ақ Орданың астанасы болған шаһардың тағдыры XVIII ғасырдағы «Ақтабан шұбырынды» заманында күрт өзгерді. Жоңғар шапқыншылығы мен Қоқан хандығының қыспағы қаланың құлдырауына әкелді.
Ел аузында «Сауран айналған» деген тіркес қалған. Бұл — жау қоршауында қалып, туған қаласын тастап шығуға мәжбүр болған жұрттың зары. Халық қаладан кетерде оны қимай, еңірей жүріп екі айналып шыққан екен. Бүгінде бізге жеткені — сол ұлылықтың жұрнағы ғана.

Қазіргі Сауран — аспан астындағы мұражай. Қала қақпасынан кіргенде жерде шашылып жатқан қызылды-жасылды қыш ыдыстардың сынығын көресіз. Бірақ бұл жер тек археология емес, мистикалық сырға да толы.
Жергілікті жұрттардың айтуынша, ай жарық түнде қамал басынан мұңды дауыстар естілетінін, көмескі көлеңкелердің кезіп жүретінін айтады.
Тағы бір аңыздар бойынша қамалдың батыс бетіндегі ескі кесененің орнын 7-8 құлаш келетін алып аждаһа күзетеді екен. Бұл — көнеден қалған үлкен көмбенің киесі болуы да мүмкін.
Сауран — тек өткен шақ емес, ол біздің ұлттық кодымыз. Егер сіз тарихтың тылсым иісін сезініп, бабалардың ат дүбірін естігіңіз келсе, Сауранға жол тартыңыз. Құпиясын қойнына бүккен даланың әлі де айтары көп.
Балғын Ерболқызы



