Басты жаңалықтар

Алтын тағу арманға айнала ма?

Түркістан облысында алтын бұйымдарының бағасы рекордтық деңгейге жетті.

Қазіргі таңда базарлар мен зергерлік дүкендерде алтынның бір грамы бұрын-соңды болмаған жоғары бағамен сатылып жатыр.

Соңғы уақытта баға күрт өсіп, зергерлік бұйымдардың түрі мен сынамасына қарай бір грамы 38 000 теңгеден 65 000 теңгеге дейін тұрақтаған. Бұрын халықтың басым бөлігі үшін қолжетімді болған бұл бағалы металл биыл «қол жетпес байлыққа» айналып бара жатқандай. Жергілікті сатушылардың айтуынша, бағаның өсуі әсіресе соңғы айларда айқын байқалған.

Қазіргі уақытта Түркістан мен Шымкент өңіріндегі зергерлік нарықта алтын бағасы оның шыққан елі мен сынамасына (пробасына) байланысты төмендегідей қалыптасқан:
• Шымкент (Қазақстандық) алтыны (583/585 сынама) – 38 000 – 45 000 теңге. Бұрын ең қолжетімді саналған бұл алтын түрі де қымбаттаған.
• Ресей алтыны (585 сынама) – 42 000 – 48 000 теңге. Халық арасында «қызыл алтын» ретінде танымал.
• Түркия алтыны (585/750 сынама) – 45 000 – 55 000 теңге. Ашық сары түсімен ерекшеленеді.
• Италия алтыны (750 сынама) – 50 000 – 65 000 теңге. Жоғары сапалы және брендтік бұйымдар санатына жатады.

Бағаның мұндай қарқынмен өсуі нарықта «бүгін алмасаң, ертең одан да қымбат болады» деген психологиялық әсер қалыптастырған. Салыстырмалы түрде айтқанда, бір-екі жыл бұрын бұл көрсеткіштер әлдеқайда төмен болған.

Алтын сатып алушылар үшін негізгі тәуекел – оны қайта өткізу кезіндегі баға айырмашылығы. Мәселен, дүкеннен 1 грамын 55 000 теңгеге сатып алған бұйымды сол күні ломбардқа немесе сынық алтын қабылдайтын орынға өткізсеңіз, айтарлықтай шығынға ұшырайсыз.

Ресми ережелерге сәйкес, ломбардтар алтынды зергерлік бұйым немесе бренд ретінде емес, тек металл (сынық) ретінде қабылдайды. Қазіргі таңда 583/585 сынамалы алтынның қабылдау бағасы 38 000 – 41 000 теңге шамасында.

Яғни, сатып алушы зергердің еңбегі, дизайн және дүкен үстемесі үшін төлеген қаражатынан бірден айырылады. Бұл алтынды тез арада қолма-қол ақшаға айналдырғысы келетіндер үшін айтарлықтай қаржылық шығын әкеледі.

Доллар қымбаттаса да, алтын бағасы неге түспейді?
Көпшілік арасында «доллар қымбаттаған кезде алтынның бағасы неге түспейді?» деген заңды сұрақ туындайды. Тіпті халық арасында доллар бағамы өзгергенде алтын арзандауы керек деп шулайтындар да аз емес. Алайда бұл құбылыстың өзіндік экономикалық себептері бар.
Ең алдымен, алтын бағасы әлемдік нарықтағы унцияға (алтынның халықаралық өлшеміне) тікелей байланысты.

Сондықтан, доллар құбылып, қымбаттаған күннің өзінде де алтынның бағасы түспейді. Керісінше, алтын кез келген валютадан жоғары тұратын, құнсызданбайтын дербес актив болғандықтан, доллар өскен сайын халықтың оған деген сұранысы мен сенімі арта түседі.

Тағы бір қызық нәрсе – Түркістанда брендке онша мән берілмейді. Мысалы, әлемде танымал Bvlgari сияқты маркаларға қызығушылық бар, бірақ жергілікті халық үшін ең бастысы – алтынның салмағы. «Ауыр болса – байлық» деген түсінік әлі де өзекті.

Қысқасы, алтын бұрынғыдай «қолжетімді сән» емес, қайтадан байлықтың белгісіне айналып бара жатыр.

Ал сіздің қалада алтын қанша тұрады?

Басқа жаңалықтар

Back to top button