98-ші «Оскар» сыйлығы: Пол Томас Андерсонның туындысы үздік деп танылды

Америкалық киноакадемия 98-ші «Оскар» сыйлығының жеңімпаздарын жариялады. Биылғы басты марапат — «Үздік фильм» номинациясын режиссер Пол Томас Андерсонның «Шайқастан кейін шайқас» туындысы иеленді,деп хабарлайды turkistanlife.kz
Биылғы салтанатты кеште Пол Томас Андерсонның есімі бірнеше рет аталды. Ол «Үздік картина» жүлдесінен бөлек, «Үздік режиссура» және «Үздік бейімделген сценарий» санаттары бойынша да алтын мүсіншені қанжығасына байлады. Жалпы есепте «Шайқастан кейін шайқас» фильмі алты түрлі номинацияда жеңіске жетіп, кештің басты фаворитіне айналды.
Актерлік шеберлік номинацияларында да бәсеке жоғары болды. «Үздік ер адам рөлі» жүлдесін «Күнәхарлар» фильміндегі өнері үшін Майкл Б.Джордан иеленсе, «Үздік әйел рөлі» марапаты «Гамнет» фильмінде басты рөлді сомдаған Джесси Баклиге бұйырды. Екі актер де өз санаттарындағы мықты үміткерлерді басып озып, сарапшылардың жоғары бағасын алды.
Мультипликация және музыка саласында «Жын-перілерді аулаушы кей-поп әйелдер» туындысының мерейі үстем болды. Аталған анимациялық фильм «Үздік мультфильм» атанып, оның «Golden» атты композициясы «Үздік ән» номинациясында жеңімпаз деп танылды. Ал шет тіліндегі үздік фильм ретінде норвегиялық режиссерлердің «Сезімтал құндылық» туындысы таңдалды.
Айта кетейік, 98-ші «Оскар» сыйлығының номинанттар тізімі осы жылдың 22 қаңтарында жарияланған болатын. Биылғы марапаттау рәсімі кино әлеміндегі жаңа есімдер мен тәжірибелі шеберлердің тартысына толы болды.



