Басты жаңалықтар

Ордабасыда жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды

Ордабасы ауданының Қараспан елдімекенінде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды.

Жаңа нысан Қараспан ауылдық округіндегі 14 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өрт пен басқа да төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Бекеттің құрылысы биыл шілде айында басталған. Қазір нысан толық іске қосылып, қызмет көрсетуге кірісті.

Жаңа өрт сөндіру бекеті заманауи талаптарға сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда 6 қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар арнайы өрт сөндіру автокөлігі беріліп, шақыртуларды қабылдау бөлмесі, жатын орын, асхана және жуынатын бөлме қарастырылған.

Қараспандағы бұл нысан — «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Түркістан облысында ашылған 16-шы өрт сөндіру бекеті.

Ашылу салтанатына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдад Чайзада, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты шарада жаңа нысанның материалдық-техникалық базасы таныстырылып, бекеттің кілті Қараспан ауылдық округінің әкіміне табысталды.

Шара соңында қонақтар бекет ауласына шырша көшеттерін отырғызды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button