Басты жаңалықтар
Грек-рим күресінен ел чемпионатында Түркістан облысы үздік шықты
Жамбыл жерінде өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында Түркістан облысының балуандары нағыз «мінез» көрсетті.

Үш күнге созылған шиеленісті белдесулердің нәтижесінде киелі өңірдің спортшылары ең көп медаль жинап, командалық көшті бастады. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған мықтылар арасында қара үзіп шыққан жас өрендер енді халықаралық аренада ел намысын қорғауға жолдама алды, деп хабарлайды turkistan.kz
Дүбірлі додада Түркістан облысының жас балуандары жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарды иеленді. Жүлдегерлер қатарында Айтуған Осман 57 келіде ел чемпионы атанды.

Ал, 62 келідегі Әділет Ерхон мен 68 келіде белдескен Самат Үшкемпір күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, 38 келі салмақта Думан Жақсылық, 44 келіде Нұрислам Бахытжан, 57 келі салмақ дәрежесінде Ибраһим Жұмаділдә, 75 келіде Бабурбек Юсибеков және +85 келіде Зиядулла Анарқұлов жарыстың қола жүлдегерлері атанды. Осылайша грек-рим күресінен U-15 жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында облыс құрамасы командалық есепте І орынды иеленді.



