195 елдің туын жатқа біледі: Сарыағаштық 4 жасар бүлдіршін әлемді таңғалдырды

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының Бостандық ауылында тұратын 4 жасар Афшона Абдикаримова география саласы бойынша ерекше қабілетімен көзге түсті. Бүлдіршін әлемдегі 195 мемлекеттің туы мен астанасын қатесіз біледі.
Афшонаның бұл ғылымға деген қызығушылығы 3 жасынан басталған. Үйдегі әлемнің саяси картасын қызыға қараған ол алдымен елдердің туларына назар аударған. Ата-анасы баласының бұл ынтасын күн сайын 5-10 минут уақыт бөліп, жүйелі түрде қолдаған.
Нәтижесінде:
• Бар болғаны екі ай ішінде Афшона 195 мемлекеттің туы мен атауын, сондай-ақ олардың астаналарын еркін танитын деңгейге жетті.
• Бүлдіршіннің ерекше қабілеті халықаралық деңгейде бағаланып, Kids World Record ресми сайтында рекорд иегері атанып, International Book of Records ұйымынан «Super talented kid one in a million» атағына ие болды.
Қазіргі таңда «Айзере-Ынтымақ» бөбекжай-балабақшасына баратын жас талант географиядан бөлек шахмат пен үстел теннисіне де қызығушылық танытады. Кішкентай Афшонаның бұл жетістігі – баланың табиғи қабілетін ерте байқап, дұрыс бағыт берудің жарқын үлгісі!



