Басты жаңалықтар

Арысқа 30,8 млрд теңге инвестиция құйылған

Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев өткен жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасына тартылған инвестиция көлемін жариялады. Брифинг барысында мәлім болғандай, негізгі капиталға бағытталған қаржы көлемі 30,8 млрд теңгені құраған, деп хабарлайды turkistanlife.kz

«2025 жылы Арыс қаласында жалпы өңірлік өнім көлемі 85,1 млрд теңгені құрады. Биыл аймақта жалпы құны 11,4 млрд теңгеге 3 ірі жоба жүзеге асады. Қазіргі таңда нысандардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл жыл соңына дейін күнбағыс, мақта және мақсарыдан май өндіретін «MEGA-AGAT Агро» ЖШС-ң зауыты іске қосылады. Жобаның жалпы құны — 7,2 млрд теңге. Зауыт ашылғаннан кейін 300 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, құны 3,5 млрд теңгені құрайтын электровоздарға қызмет көрсету орталығы жыл соңына дейін ашылатын болады. Жоба толық іске қосылғанда 50 жұмыс орны ашылады. Ал, өнеркәсіп саласында былтыр құны 2,8 млрд теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, 157 жұмыс орны ашылды»-деді қала басшысы.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 31,5 млрд теңгеге жеткен. Биыл «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС тамшылатып суғару жүйесі арқылы 11 мың гектар жерге мақта егеді. Жобаның құны — 13,2 млрд теңге. Жоба аясында 350-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, биыл «Түркістан Агро KZ» ЖШС-ң құны 2,1 млрд теңгелік 15 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы ашылады. Одан бөлек, аталған кәсіпорын биылдан бастап 2000 гектар алқапта жаңбырлатып суару әдісімен мал азығын дайындайды.
Арыс қаласында былтыр 4 448 шаршы метр баспана салынып, жалпы 1200 орындық 2 жаңа мектеп ашылды. Сондай-ақ, 6 745 тұрғын жұмыспен қамтылды. Арыс қаласы мен оған қарасты елді мекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Қазіргі таңда Арыс қаласы 96 пайыз көгілдір отынмен қамтылған. Сонымен қатар, аймақтағы 345 шақырым жолға толықтай асфальт төселіп, қанағаттанарлық жолдардың үлесі 72 пайызды құрап отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button