«Кезінде жақсының өзі болған, қазір тарихтың көзі болған жәдігерлер менің қолымда»

Көпшілік үшін музейдегі жәдігер — жай ғана көне зат, құмыра немесе әшекей болуы мүмкін. Бірақ оны көзінің қарашығындай қорғап, әрбір сынығына жан бітіріп отырған маман үшін ол — тарихтың тірі дауысы. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының археологиялық қор сақтаушысы Егеубаева Аширкул Мырзабекқызының өмір жолы осы асыл құндылықтармен тығыз байланысты.
Кейіпкеріміздің өзі айтқандай: «Бұлар — жай ғана зат емес. Кезінде жақсының өзі болған, қазір тарихтың көзі болған жәдігерлер дәл менің қолымда. Осыны сезіну — мен үшін үлкен мәртебе».

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында 35 жылдан астам өмірін музей ісіне арнаған маманның кәсіби жолы, археологиялық жәдігерлердің құпиясы мен мамандыққа деген махаббаты жайлы Turkistan life тілшісі сұхбаттасып қайтты.
– Аширкул Мырзабекқызы, Сіздің музей саласындағы еңбек жолыңыз қалай басталды?
– Менің музейдегі қызметім 1991 жылы іс-қағаздарын жүргізуші, яғни хатшылықтан басталды. Ол кезде Түркістанның мәдени тынысы жаңа арнаға түсіп жатқан уақыт еді. Содан бері табан аудармай осы киелі шаңырақта қызмет етіп келемін. Уақыт өте келе экскурсовод, кіші ғылыми қызметкер, экспонат қараушы секілді сатылардан өттім. 2015 жылдан бері археологиялық қордың сақтаушысымын.

– Сіздің естелігіңізде ел тарихындағы елеулі сәттер көп екені анық. Солардың ішінде ерекше атап өтетініңіз қайсы?
– Мен үшін ең қымбат естелік — Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркістан тарихын алғаш рет таныстыру мәртебесінің маған бұйырғаны. Сол сәттегі толқыныс пен жауапкершілік әлі күнге дейін есімде. Сондай-ақ, Дүниежүзілік қазақтардың құрылтайы кезіндегі экскурсияларымды ерекше айтар едім. Атажұртқа деген сағынышпен келген қандастарымыздың жәдігерлерді көргендегі көз жасы, Түркістан топырағына деген құрметі менің де жүрегімді тебірентті. Түрік және қазақ реставраторларымен бірлесе атқарған жұмыстарымыз да үлкен тәжірибе болды.

– Қазір Сіз басқарып отырған археологиялық қорда қанша жәдігер бар және сақтаудың өзіндік ерекшеліктері қандай?
– Қазіргі таңда музей қорында 20 мыңнан астам жәдігер сақталса, соның 6 мыңға жуығы — қазба жұмыстары кезінде табылған баға жетпес дүниелер. Менің қарамағымда үш арнайы бөлме бар. Оның ішінде реставрациялық бөлімде жәдігерлерді тазалау, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Табылған заттарды маған өткізеді, мен олардың бүлінбеуін қадағалап, нөмірлеп, ғылыми айналымға дайындаймын. Әр жәдігердің өз «мінезі» бар. Сондықтан қорда арнайы режим сақталады. Ауаның ылғалдылығы мен температурасын үнемі бақылап, көрсеткішті күнделікті дәптерге түсіріп отырамыз.

– Қордағы ең көне және Сізді ерекше таңғалдыратын жәдігерлер туралы айтсаңыз?
– Біздегі ең көне жәдігерлер — Шербай қорымынан табылған, біздің заманымызға дейінгі (б.з.д.) XVI-XIV ғасырларға тиесілі дүниелер. Сондай-ақ, б.з.д. VI ғасырға жататын алтын жүзіктер, бірегей әшекейлер бар. Олардың дайындалу шеберлігіне қарап, бабаларымыздың сол заманның өзінде жоғары мәдениет иесі болғанына мақтанасың. Тағы бір сирек кездесетін жәдігеріміз — піл сүйегінен жасалған қылыш. Бұлардың әрқайсысы — ұлт тарихының үзігі.

– 35 жыл бір салада еңбек ету үшін сол іске деген шексіз махаббат керек шығар?
– Әрине! Мен бұл саланы жан-тәніммен жақсы көремін. Мамандардың қасында бірге жұмыс істеу, тарихтың көзі болған дүниелерді қолыңмен ұстау — үлкен бақыт. Қазір мені түнде ұйқымнан оятып сұраса да, қордағы әр заттың қай ғасырға тиесілі екенін, маңызы қандай екенін жатқа айтып бере аламын. Бұл — менің өмірім.
– Жәдігерлерді көргісі келетін қарапайым халыққа қолжетімділік деңгейі қандай?
– Бізде бәрі ашық. Кез келген адам басшылыққа ресми өтініш хатын жолдау арқылы қордағы дүниелерді көре алады. Біздің басты мақсатымыз — тарихты жасыру емес, оны халыққа насихаттау.
Егеубаева Аширкул Мырзабекқызы – ел тарихын насихаттау мен қор жәдігерлерін көздің қарашығындай сақтау ісіне саналы ғұмырын арнаған білікті маман. Ол өзінің бай тәжірибесін жас буынға үйретуден әсте жалыққан емес, керісінше, ұлт мұрасын аманат ретінде қабылдап, оны келер ұрпаққа жеткізуді басты парызы санайды.

Бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған үлгілі ана ретінде де, ұжым арасында абыройлы, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын кәсіби маман ретінде де ол зор құрметке ие. Жәдігерлерді сақтау мен ел тарихын дәріптеудегі табанды еңбегі «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен және бірқатар мемлекеттік марапаттармен лайықты бағалануы – оның қажырлы қызметінің айқын дәлелі.
Егеубаева Аширкул Мырзабекқызының еңбегі қандай марапатқа болсын әбден лайық, ал оның тағылымды жолы – жас мамандар үшін өнеге.
Ақниет Қалдыбекова


